Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ғылым мен технология саласындағы көшбасшылық орнын нығайта түсуде. Astana International University және SpaceLab компаниясымен бірлесіп, ғылыми және ғылыми-техникалық әзірлемелер бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу барысында тараптар SpaceLab ғарыштық бағдарламасы мен IoVIT жобасының перспективаларын, сондай-ақ алғашқы университеттік пикоспутникті ұшыру мүмкіндігін талқылады. Бұл бастама отандық ғарыштық технологиялардың дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға және ғарыштық зерттеулер саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Келісім аясында мынадай бағыттар қарастырылған:

  • спутниктік технологияларды (KazSat, SpaceLab және т.б.) ұлттық мониторинг жүйесіне енгізу;
  • сенсорлық жабдық орнатылған пилоттық аймақтар құру және жасанды интеллект модельдерін сынақтан өткізу;
  • студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми жобаларға тарту, тағылымдамалар ұйымдастыру және бірлескен зертханалар ашу.

Бұл әріптестік университеттер үшін жаңа ғылыми көкжиектерді ашып қана қоймай, қазақстандық жастардың әлемдік деңгейдегі зерттеулерге қатысуына мүмкіндік береді, білім, ғылым мен өндірісті бір арнаға тоғыстырады.