Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қытай Халық Республикасының делегациясы іссапармен болып, «Лу Бань» шеберханасын дамыту перспективалары талқыланды.

Қытайлық делегация құрамында Қытайдың халықаралық даму және ынтымақтастық агенттігі (CIDCA), Қытай білім беру саласындағы халықаралық алмасу қауымдастығы (CEAIE), Тяньцзинь кәсіби-техникалық колледжі «Бохай», Хэбэй мұнай технологиялары университеті және консалтингтік ұйымдардың өкілдері болды.

Іссапар аясында қонақтар шеберхананың қызметімен қатар, университеттің жалпы ғылыми-білім беру және халықаралық жобаларымен танысты. Делегация ШҚТУ-дың бас ғимараты мен зертханаларын аралап, инженерлік білім беру мен ғылымдағы жетістіктерге жоғары баға берді.

Тараптар «Лу Бань» шеберханасын ШҚТУ базасында дамыту, сондай-ақ өңір колледждерімен ынтымақтастықты кеңейту арқылы білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Қытай делегациясы қол жеткізілген нәтижелерді жоғары бағалап, «Лу Бань» шеберханасының жаңа буын мамандарын тәжірибеге бағытталған оқытудағы маңызды рөлін атап өтті.