11–17 тамыз аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне полковник Narayan Ranjeet бастаған Үндістан Республикасының Ұлттық кадет корпусы (ҰКК) делегациясы ресми сапармен келді. Визит бағдарламасы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталды.
Сапар барысында қонақтар Өскемен қаласының мәдени және табиғи көрікті жерлерін аралап, студенттік «Простор» лагерінде болып, Өскемен СЭС аймағындағы шығанақта катермен серуендеді. Бұл делегацияға қала атмосферасымен және Шығыс Қазақстан өңірінің әсем табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – ШҚТУ-дың әскери кафедрасына бару болды. Үндістандық кадеттер мен офицерлер кафедраның оқу-материалдық базасымен танысып, студенттер және оқытушылармен кездесті, бірлескен сабақтар мен спорттық сайыстарға қатысты. Делегация университеттің оқу зертханаларында да болып, ШҚТУ-дың ғылым мен білім беру саласындағы жетістіктерімен және өңірдің тарихы мен мәдени мұрасымен танысты.
15 тамыз күні – Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күнінде – архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорықта ұлы үнді ақыны Рабиндранат Тагордың бюстіне гүл себетін қою рәсімі өтіп, әлеуметтік және жастар саясаты департаменті ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Үндістанның Ұлттық кадет корпусы арасындағы ынтымақтастық 2015 жылдан бері табысты дамып келеді. Осы уақыт ішінде университеттің әскери кафедрасының офицерлері мен студенттері Үндістандағы мәдени және білім беру іс-шараларына, соның ішінде «Шөл даласындағы сафариге» қатысып келеді. Өз кезегінде, үнді кадеттері мен офицерлері біздің университетке бесінші рет келіп отыр. Мұндай кездесулер Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.