Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында «Күш біріктіріп – жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығын сақтаймыз» атты семинар өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, оның ішінде ШҚТУ ректоры, мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық мамандар, үкіметтік емес ұйымдар және медицина қызметкерлері қатысты.

Семинар барысында жастардың денсаулығын сақтау, жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, ерте жүктіліктің алдын алу және медициналық, кеңес беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ студенттер – болашақ мамандардың бойында салауатты әлеуметтік ұстанымдарды қалыптастыруда білім беру ұйымдарының рөлі мен ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Қатысушылар келесі тақырыптар бойынша баяндамаларды тыңдады:

  • «Қазақстандағы жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығының жағдайы»;
  • «Шығыс Қазақстан облысында жастар денсаулығы орталықтарының репродуктивтік денсаулықты қорғау қызметтерінің қолжетімділігін арттырудағы жұмысы. Өңірде жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу – проблемалар және шешу жолдары»;
  • «Білім беру ұйымдарының адамгершілік-жыныстық тәрбие мен жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алудағы рөлі»;
  • «Жастардың репродуктивтік денсаулығы мәселелерінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылы».

Іс-шара қорытындысы бойынша Жастар денсаулығы орталықтарының жұмысын жетілдіру, көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру және ақпараттық-ағартушылық жұмысты жандандыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.