Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №3 студенттер үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлерімен «Сыбайлас жемқорлық – қоғамның әлеуметтік мәселесі» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттау, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, сондай-ақ студенттердің азаматтық жауапкершілігін күшейту болды.
Кездесуге Үлбі полиция бөлімінің өкілі қатысып, студенттерге сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, оның әлеуметтік-экономикалық салдары және заң алдындағы жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын орындаудың маңыздылығы жөнінде нақты мысалдар келтірілді.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау саласының маманынан нақты жауаптар алды. Әсіресе, жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет алаяқтықтан сақтану, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері және заң талаптарын сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара соңында полиция өкілі студенттерді адалдық қағидаттарын берік ұстануға, заңға құрметпен қарауға және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.
Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын нығайтуға, сондай-ақ қауіпсіз әрі тәртіпті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.