Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Жоғары ІТ колледжінің студенттері ақпан-сәуір айлары аралығында Өскемен қаласындағы мәдени ошақтарда ұйымдастырылған театр қойылымдарын тамашалады. Атап айтқанда, білім алушылар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының, сондай-ақ Теatr-All театрының сахналық туындыларын көріп, рухани-мәдени демалысқа қатысты.
Аталған бастама студент жастардың мәдени танымын кеңейтуге, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталды. Ерекшелігі сол – студенттер өз қызығушылықтары мен талғамдарына қарай қойылымдарды еркін таңдауға мүмкіндік алды. Бірі романтикалық желідегі спектакльдерді таңдаса, енді бірі комедиялық жанрға қызығушылық танытты, ал кейбірі терең ойға жетелейтін драмалық қойылымдарды тамашалады.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттер Теatr-All театрының «Құтқар мені» спектаклін көрді. Бұл қойылым қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін тағылымды туынды ретінде көрермен назарына ұсынылды. Спектакльде нашақорлық пен лудоманияның адам өміріне, отбасы тағдырына және қоғам болашағына тигізетін ауыр зардаптары шынайы әрі әсерлі түрде бейнеленген.
Қойылым жастарға зиянды әдеттердің салдары туралы терең ой салып, салауатты өмір салтын ұстанудың, дұрыс таңдау жасаудың және жеке жауапкершіліктің маңызын түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар студенттер арасында заңға бағыну, тәртіп сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етті.
Осындай мәдени іс-шаралар студенттердің рухани дамуына серпін беріп қана қоймай, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауға және саналы ұстаным қалыптастыруға үлкен әсер етеді.




