Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Жалпыұлттық құрылтайдағы сөзі ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан маңызды стратегиялық бағдар болды. Онда айтылған басымдықтар жоғары білім беру жүйесінің алдына жаңа міндеттер қойып, университеттердің рөлін айқындай түсті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде тек институционалдық реформаларға ғана емес, жауапкершілікке, отансүйгіштікке және жасампаз еңбекке негізделген ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға баса мән берді. Ауқымды саяси және экономикалық жаңғыру қоғамның ішкі бірлігі мен ұлттық құндылықтарға сүйенбей жүзеге аспайтыны атап өтілді. Бұл тұрғыда патриотизм ел игілігі жолындағы кәсіби әрі нәтижелі еңбек арқылы көрініс табуы тиіс.
Құрылтайда айтылған экономикалық реформалар еліміздің тұрақты және бәсекеге қабілетті даму моделіне көшуіне бағытталған. Экономиканы әртараптандыру, нақты секторды, өнеркәсіп пен энергетиканы дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті күшейту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу - осы бағыттағы негізгі басымдықтар. Бұл жағдайда университеттер білім мен технологияға негізделген жаңа экономиканың кадрлық тірегіне айналуы қажет.
Президент өңірлерді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Аймақтардың экономикалық әлеуетін арттыру, теңгерімді өңірлік даму және жаңа жұмыс орындарын құру өңірлік жоғары оқу орындарының белсенді қатысуын талап етеді. Университеттер өңірдің зияткерлік орталығына айналып, нақты секторға бағытталған ғылыми және инженерлік шешімдер ұсынуға тиіс.
Сонымен қатар, цифрландыру мен жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту өзекті болып отыр. Университеттердің міндеті — ұлттық тарихты, мәдени мұраны және ғылыми дәстүрді заманауи білім беру мен зерттеу үдерістеріне кіріктіру арқылы жастардың ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыру.
Осылайша, V Жалпыұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жоғары білім беру жүйесінің стратегиялық маңызын айқындап берді. Университеттер үшін басты міндет: кәсіби білікті, елдік мүддені терең түсінетін және ұлттық дамуға үлес қоса алатын мамандар даярлау.
