Университет жатақханаларында тұратын студенттердің, соның ішінде шетелдік білім алушылардың сабақтан тыс уақыттарын мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыру мақсатында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында өткен «Дала сарыны» этно-концертіне студенттер көрермен ретінде қатысты.
Аталған мәдени іс-шара студенттердің рухани дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды тереңірек танып-білуіне зор мүмкіндік берді. Концертке Тарбағатай ауданының «Барқытбел» этно ансамблі мен түркі әлемінің музыкалық бренді саналатын, түркі халықтары мәдениетінің амбассадорлары – әйгілі «TURAN» ансамблінің мүшелерінің қатысуы жастар үшін ерекше әсерлі әрі тағылымды болды.
Концерт барысында орындалған домбыра, қобыз, жетіген сынды ұлттық аспаптардың сырлы әуені студенттерге қазақ халқының бай тарихы мен көшпенділер өркениетінің терең рухани тамырын сезінуге ықпал етті. Әрбір музыкалық туынды өткен мен бүгінді жалғап, жас буынды ұлттық болмысты қадірлеуге және мәдени мұраға құрметпен қарауға тәрбиеледі.
«Дала сарыны» этно-концерті студенттер үшін тек мәдени демалыс қана емес, ұлттық сана мен патриоттық сезімді қалыптастыратын маңызды рухани тәрбие алаңы болды. Осындай жоғары деңгейдегі мәдени іс-шаралар жастардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың жан-жақты дамуына, ұлттық музыка мен дәстүрге деген сүйіспеншілігін нығайтуға зор ықпал етеді.
Студенттердің мәдени іс-шараға қатысуын жатақхана педагог-тәрбиешілері арнайы ұйымдастырды. Бұл бастама студенттер арасында мәдени қарым-қатынасты нығайтып, ұлтаралық түсіністік пен өзара сыйластықты қалыптастыруға оң әсерін тигізді.