Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Шығыс Қазақстан: Семей және Өскемен қалалық кеңістігінің әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-мәдени трансформациясының траекториялары» жобасы (АР26198933) аясында «DSR» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері Берлинде ғылыми жұмыс жүргізді.
Сапар барысында ШҚТУ ғалымдары Берлин техникалық университетінің еңбек, технология және қоғамдық қатысу мәселелерін зерттейтін бағытының профессоры Ханс-Людгер Динельмен (Hans-Liudger Dienel) кездесті.
Кездесуде екі университеттің қатысуымен ортақ ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ қалалық ортаның әлеуметтік-демографиялық өзгеруі, технологиялардың қоғам өміріне ықпалы және тұрғындардың қаланы дамыту үдерістеріне қатысуы бағыттарындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Жоба қатысушылары Ж. Аубакирова, Э. Столярова және Н. Краснобаева Берлиннің жетекші академиялық кітапханаларында ғылыми ізденіс жүргізді. Зерттеу жұмыстары Гумбольдт университетінің Jacob-und-Wilhelm-Grimm-Zentrum кітапханасы мен Берлин техникалық университеті және Өнер университетінің TU & UdK Berlin Universitätsbibliothek кітапханасында өтті.
Кітапхана қорлары мен каталогтарын зерделеу барысында қала демографиясы мен әлеуметтануы, қалалық ортаның өзгеруі және көші-қон үдерістерінің қазіргі қалалық кеңістіктің қалыптасуына ықпалы жөніндегі классикалық әрі заманауи ғылыми еңбектер іріктеліп, талданды.
Жүргізілген жұмыс «DSR» орталығы жүзеге асырып жатқан жобалардың ғылыми және дереккөздік базасын толықтырды. Табылған еңбектердің аннотацияланған тізімі ғылыми тағылымдаманың маңызды нәтижелерінің біріне айналды.
Зерттеу бағдарламасы аясында ғалымдар Urban Nation қалалық көше өнері музейіне де барды. Мұнда әлемге танымал көше суретшілерінің туындыларымен қатар, тұрмыстық қалдықтарды арт-нысандар жасауға пайдалану тәжірибесі ұсынылған. Экспозициялар қалалық кеңістікті экологиялық тұрғыдан жаңғырту мен көркем безендірудің тың тәсілдерін таныстырды.
Берлиндегі ғылыми сапар ШҚТУ-дың Германия университеттерімен академиялық байланысын нығайтуға, жобаның зерттеу аясын кеңейтуге және Семей мен Өскемен қалаларындағы әлеуметтік-демографиялық өзгерістерді зерделеудің жаңа тәсілдерін игеруге мүмкіндік берді.