2026 жылғы 15–17 қыркүйек аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Академиялық адалдық лигасының мониторингтік тобы жұмыс істеді. Сапар ШҚТУ-дың Лигаға кіру үдерісіндегі негізгі кезеңдердің бірі болды және академиялық адалдық қағидаттарының университеттің білім беру, ғылыми және басқару қызметіне қаншалықты кіріктірілгенін кешенді бағалауға бағытталды.Мониторингтік топты Академиялық адалдық лигасының Жобалық офисінің жетекшісі Нұргүл Нұрлан басқарды. Топ құрамына сарапшылар мен Лигаға мүше жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.

Академиялық адалдық лигасы Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын біріктіреді. Оның миссиясы: адалдық, жауапкершілік, ашықтық, әділдік және өзара сенім қағидаттарын ілгерілету әрі іс жүзінде енгізу арқылы білім сапасын арттыру.Лигаға кіру университетті кезең-кезеңімен институционалдық бағалаудан өткізуді көздейді. Мониторинг жеті негізгі компонент бойынша 39 критерийді қамтитын AIRS 2.0 халықаралық моделі негізінде жүргізіледі. Сарапшылар тиісті ережелер мен рәсімдердің болуын ғана емес, олардың іс жүзінде қолданылуын, сондай-ақ университет қауымдастығында академиялық адалдық мәдениетінің қалыптасу деңгейін бағалайды.

Сапардың алғашқы күні мониторингтік топ ШҚТУ басшылығымен, әкімшілік-басқару персоналының және профессор-оқытушылар құрамының өкілдерімен кездесті. Сарапшылар университеттегі білім сапасын қамтамасыз ету, оқу үдерісін ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер жүргізу және академиялық адалдық қағидаттарының бұзылуына жол бермеу тәсілдерін қарастырды.

Ғылыми-зерттеу қызметі мен университеттің цифрландыру деңгейіне ерекше назар аударылды. ШҚТУ өкілдері білім беру үдерісін ұйымдастыру және мониторингтеу, білім алушыларды қолдау, оқу жетістіктерін тіркеу мен қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын ақпараттық жүйелерді таныстырды.

Кампус-тур аясында мониторингтік топ университеттің білім беру, ғылыми және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. Сарапшылар Лу Бань шеберханасына, SMART Driving Technology инженерлік орталығына, Tomorrow School мектебіне, Қазақ-Неміс ғылым және технологиялар институтына, кітапханаға, Студенттерге қызмет көрсету орталығына, медиастудияға, № 3 жатақханаға және атаулы аудиторияларға барды.

Сондай-ақ ШҚТУ-дың зертханалық базасы таныстырылды. Оның ішінде Smart Engineering құзыреттер орталығы, «Қорғаныш және функционалдық жабындар» ғылыми орталығы, құрылыс, су шаруашылығы және суды пайдалану салаларындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталықтары, INDUSTRIAL AI құзыреттер орталығы және Veritas шеберлік орталығы бар.

Бағдарламаның маңызды бөлігі сарапшылардың студенттермен, түлектермен және жұмыс берушілермен жеке кездесулері болды. Мұндай формат академиялық адалдық қағидаттарының университет өмірінің түрлі деңгейлерінде қалай жүзеге асырылатыны және оларды білім беру үдерісінің барлық қатысушылары қаншалықты қолдайтыны туралы объективті әрі жан-жақты түсінік алуға мүмкіндік берді.

Мониторингтік топ растайтын құжаттарды зерделеп, Лиганың тексеру парақтары бойынша ШҚТУ-дың жауапты қызметкерлеріне консультациялар өткізді.

Сапар соңында сарапшылар университет басшылығымен қорытынды кездесу өткізді.. Кездесу барысында мониторингтің алдын ала нәтижелері ұсынылып, университет үдерістерін одан әрі жетілдіру бағыттары белгіленді.

ШҚТУ үшін Академиялық адалдық лигасына кірудің стратегиялық маңызы бар. Бұл университетке қолданыстағы тетіктерге тәуелсіз бағалау жүргізуге, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының озық тәжірибелерін енгізуге, білім беру және ғылыми қызметтің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ студенттердің, оқытушылардың, ата-аналар мен жұмыс берушілердің сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Лигаға қатысу - белгіленген талаптарға сәйкестікті растау ғана емес, сонымен қатар академиялық адалдық мәдениетін дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттемелерді қабылдау. Университет үшін бұл білім сапасын одан әрі арттыруға, беделін нығайтуға және білім, кәсібилік пен жеке жауапкершілік негізгі құндылықтарға айналатын ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.