Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде подполковник Калра Каран (Kalra Karan) бастаған Үндістан Республикасының Ұлттық кадет корпусы (ҰКК) делегациясы болды. Сапар аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Үндістан жастары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі ШҚТУ-дың әскери кафедрасына бару болды. Үндістандық делегация өкілдері кафедраның оқу және материалдық-техникалық базасымен танысып, студенттермен және оқытушылармен кездесті. Сапар барысында бірлескен сабақтар мен спорттық жарыстар өткізіліп, олар екі ел студенттерінің өзара тәжірибе алмасуы мен қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік берді.

Университеттің ғылыми-білім беру әлеуетімен танысуға ерекше назар аударылды. Делегация ШҚТУ-дың оқу зертханаларын аралап, университеттің заманауи әзірлемелерімен, ғылыми-зерттеу бағыттарымен және техникалық мамандар даярлау мүмкіндіктерімен танысты.

Мәдени бағдарлама қонақтарға Шығыс Қазақстанмен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Делегация үшін Өскемен қаласының саябақтары мен мәдени нысандарына экскурсиялар, «Простор» студенттік кампусына бір күндік сапар, сондай-ақ Өскемен су электр станциясы маңындағы шығанақта катермен серуендеу ұйымдастырылды. Қонақтар өңірдің табиғи көрікті жерлерін тамашалап, оның тарихи және мәдени мұрасымен танысты.

Бағдарламадағы ерекше оқиғалардың бірі 15 тамызда Үндістан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өту болды. Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында көрнекті үнді ақыны Рабиндранат Тагордың бюстіне гүл себетін қою рәсімі өтті. Іс-шара аясында ШҚТУ-дың Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Үндістан Республикасының Ұлттық кадет корпусы арасындағы ынтымақтастық 2015 жылдан бері, яғни он жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Халықаралық байланыстарды нығайту аясында ШҚТУ әскери кафедрасының офицерлері мен студенттері Үндістанға барып, мәдени іс-шараларға және «Шөлдегі сафари» бағдарламасына қатысып келеді.

Өз кезегінде Үндістан Ұлттық кадет корпусының кадеттері мен офицерлері ШҚТУ-ға жауап сапарымен жетінші рет келіп отыр. Мұндай кездесулер жастар дипломатиясын дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Ұлттық кадет корпусы делегациясының кезекті сапары көпжылдық серіктестіктің заңды жалғасы болып, тараптардың білім беру, мәдени және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға деген өзара мүдделілігін растады.