Шығыс Қазақстанда заманауи цифрлық дағдыларды меңгеруге жаңа мүмкіндіктер жасалуда. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен және қолдауымен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Astana Hub және alem.ai серіктестігімен бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі- Tomorrow School жобасы жүзеге асырылуда.
ШҚТУ үшін бұл жоба университеттің технологиялық және білім беру ортасын дамытуға, академиялық білімді заманауи IT-тәжірибемен ұштастыруға және жаңа технологияларды меңгеруді өңір тұрғындары үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Tomorrow School тек ШҚТУ студенттеріне ғана арналмаған. IT және жасанды интеллект саласына қызығушылық танытқан кез келген адам мамандығына және бастапқы дайындық деңгейіне қарамастан оқуға қатыса алады. Оқу тегін, ал іріктеу барысында үміткердің қабілетіне, ынтасына және білім алуға деген ұмтылысына басымдық беріледі.
Бағдарламаның негізінде заманауи peer-to-peer оқыту моделі жатыр. Дәстүрлі дәрістердің орнына өздігінен білім алу, бір-бірінен үйрену, командалық жұмыс және практикалық тапсырмаларды орындауға басымдық беріледі. Қатысушылар AI Engineering, Software Development, Fullstack Development, Mobile Development, DevOps, Cybersecurity, Game Development және IT Architecture бағыттары бойынша білімдерін жетілдіре алады.
Оқу халықаралық 01 Edu платформасында жүргізіледі. Іріктеу кезеңдері тіркелуден, логика мен есте сақтау қабілетіне арналған онлайн тапсырмалардан, сауалнамадан, мектеппен танысудан және төрт апталық қарқынды «Бассейн» кезеңінен тұрады. Оны сәтті аяқтаған қатысушылар негізгі оқу бағдарламасына өтеді.
Университет үшін жобаның студенттермен ғана шектелмей, баршаға ашық білім беру алаңын қалыптастыруы ерекше маңызды. Бүгінде цифрлық дағдылар мен жасанды интеллект түрлі салаларда сұранысқа ие. Сондықтан оларды меңгеруге дайын әрбір адамға осындай мүмкіндік қолжетімді болуы тиіс.
ШҚО әкімдігінің қолдауымен және жетекші технологиялық ұйымдармен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан жоба өңірде заманауи IT-ортаны қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және жаңа экономикаға қажетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Tomorrow School Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында жұмыс істейді: Протозанов көшесі, 69, 405-аудитория.
Толық ақпарат және тіркелу: tomorrow-school.ai