Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Моңғолия астанасында өткен халықаралық Study in Kazakhstan білім беру көрмесіне қатысты.

Іс-шара аясында ШҚТУ өкілдері университеттің білім беру бағдарламаларын таныстырып, шетелдік студенттерге арналған оқу мүмкіндіктері мен Қазақстанда техникалық білім алудың артықшылықтары туралы ақпарат берді.

Көрме халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстанның жоғары білімін халықаралық деңгейде ілгерілетуге арналған маңызды алаңға айналды. Келушілер инженерлік, IT және техникалық бағыттардағы білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ ағылшын тіліндегі бағдарламаларға ерекше қызығушылық танытты.

Сапар барысында ШҚТУ делегациясы Неміс-моңғол ресурс және технология институтында болып, оқу орны өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың даму перспективалары талқыланды. Тараптар кадр даярлау және халықаралық серіктестікті дамыту саласындағы тәжірибелерімен алмасты.

Көрмеге қатысу және Моңғолиядағы жұмыс кездесулерін өткізу университеттің халықаралық байланыстарын кеңейтуге, академиялық дипломатияны нығайтуға және ШҚТУ-дың шетелдік білім беру кеңістігіндегі танымалдылығын арттыруға ықпал етеді.