Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №1 және №3 жатақханасында тұратын студенттер арасында Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасына арналған рухани-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара жатақхана тәрбиешілерінің қолдауымен «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының оқытушыларымен ұйымдастырылып, өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты - жастарға Абай мұрасын насихаттап, оның рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген терең философиялық ойларын түсіндіру және ұлттық дүниетанымды дәріптеу болды.
Іс-шара барысында Абайдың тағылымы мол 45 қара сөзі кеңінен талқыланды. Абайдың қара сөздері: ұлт тәрбиесі мен адам болмысына бағытталған философиялық әрі моральдық-этикалық мұра. Онда білімге ұмтылу, адал еңбек ету, өзін-өзі тәрбиелеу, әділдік пен жауапкершілік сияқты адам бойындағы асыл қасиеттер кеңінен сөз болады. Бұл ойлар бүгінгі жас ұрпақ үшін де өзектілігін жоғалтпай, рухани бағдар беретін құндылық ретінде маңызды орын алады.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтіп, студенттер қара сөздердің мазмұнына тоқталып, өз пікірлерімен бөлісті. Қатысушылар Абай көтерген адамгершілік мәселелерінің қазіргі қоғамдағы маңызы туралы ой қозғап, «Толық адам» идеясының жастар тәрбиесіндегі рөліне ерекше назар аударды.
Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, Абай шығармашылығына қатысты өз көзқарастарын білдірді. Осындай рухани-танымдық кездесулер жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, тұлғалық дамуына оң ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу әсерлі әрі мазмұнды өтіп, студенттерге ерекше рухани серпін сыйлады.