Ерболат Диас, Закеров Саят, Измайлов Леонид және Денисов Владислав ұлттық іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, «Green&Digital Solutions for Central Asia» халықаралық өңірлік хакатонының финалистері атанды. Команда ШҚТУ атынан қатысып, енді 25-27 маусым аралығында Ыстықкөлде (Қырғызстан) өтетін өңірлік финалда бақ сынайды. Хакатон аясында команда тұрақты және экологиялық таза технологиялар саласындағы заманауи шешімдерді әзірлеуге бағытталған «TiC негізіндегі көп ретті пайдаланылатын сүзгілер» тақырыбындағы жобаны ұсынады.Хакатон Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген жастар командаларын Орталық Азияның тұрақты дамуына арналған жасыл және цифрлық шешімдерді әзірлеу үшін біріктіреді. Қатысушыларды білім беру бағдарламасы, менторлармен жұмыс, идеядан MVP-ге дейінгі жеке жобаларды әзірлеу және халықаралық сарапшылар алдында таныстыру күтіп тұр.
Хакатонның жүлде қоры 3000 АҚШ долларын құрайды.
Хакатон аясында командалар келесі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:
- Жаңартылатын энергетика және энергия тиімділігі
- Су ресурстарын басқаруды цифрландыру
- Циркулярлық экономика және қалдықтарды басқару
- Климаттық деректер, спутниктік мониторинг, GIS
- Әйелдер көшбасшылығы номинациясы
Іс-шараны И. Раззаков ат. Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті, Халықаралық электр байланысы одағы және Германия үкіметінің тапсырысы бойынша GIZ жүзеге асырып жатқан «Орталық Азияға арналған кәсіби жасыл дағдылар» (PROGRESS) өңірлік жобасы ұйымдастырады.
«VERITAS» Артықшылық орталығының командасын ұлттық кезеңнен сәтті өтуімен құттықтаймыз және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін өңірлік финалда лайықты таныстыруына тілектеспіз!