Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне Назарбаев Университетінің басшылығы мен өкілдері жұмыс сапарымен келді. Кездесудің негізгі мақсаты – екі университет арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейту, бірлескен зерттеу және инновациялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау.

Назарбаев Университетінің делегациясын университет президенті Waqar Ahmad бастап келді. Қонақтарды ШҚТУ басшылығы мен ғылыми құрылымдарының өкілдері қарсы алды.

Сапар барысында делегация ШҚТУ-дың зерттеу инфрақұрылымы және ғылыми-технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. Қонақтар «SMART ENGINEERING» құзыреттер орталығында, «Қорғаныш және функционалдық жабындар» ғылыми орталығында, құрылыс және құрылыс технологиялары саласындағы құзыреттер орталығында, «VERITAS» Педагогикалық шеберлік орталығында болды.

Сонымен қатар Назарбаев Университетінің өкілдеріне Халықаралық Лу Бань шеберханасы мен Smart Driving Technology инжинирингтік орталығы таныстырылды. Бұл алаңдарда интеллектуалды көлік, машинажасау, цифрлық технологиялар және инженерлік кадрларды практикалық даярлау бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Назарбаев Университетінің өкілдері ШҚТУ-дың білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін, студенттер мен оқытушылардың даярлық деңгейін, сондай-ақ зертханалар мен ғылыми орталықтардың жұмысын жоғары бағалады. Олар университетпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.

ШҚТУ-да қалыптасқан мықты ғылыми мектептер мен болашағы зор жас зерттеушілер бар. Сондықтан олардың идеяларын қолдау, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және перспективалық әзірлемелерді нақты жобаларға айналдыру алдағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының біріне айналмақ.

Кездесу барысында зерттеулерге негізделген білім беруді дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, зерттеушілер мен білім алушылар арасындағы академиялық байланыстарды нығайту, инновациялар мен технологиялар трансферін қолдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар университеттердің ғылыми әлеуетін өңірдегі жетекші өндірістік кәсіпорындардың өзекті міндеттерін шешуге жұмылдырудың маңызы атап өтілді.

Назарбаев Университетінің 2026–2031 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму стратегиясында Қазақстан мен өңірлердің трансформациясына зерттеулер, зерттеулерге негізделген білім беру, инновациялар және білім алмасу арқылы ықпал етуге ерекше мән берілген. Осы тұрғыда еліміздің жетекші университеттері арасындағы серіктестікті дамыту ғылыми нәтижелерді экономиканың нақты секторына енгізуге және өңірлердің технологиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

ШҚТУ үшін Назарбаев Университетімен ынтымақтастық бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми орталықтар мен зертханалардың әлеуетін біріктіруге, тәжірибе алмасуға және жас ғалымдарды перспективалық жобаларға тартуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары екі университет арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға және білім, ғылым, инновациялар мен өндірісті байланыстыратын жаңа бастамаларды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.