Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттер арасында діни қауіпсіздік мәселелеріне арналған профилактикалық ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы азаматтарының күмәнді сипаттағы шетелдік теологиялық оқу орындарына баруына жол бермеу, сондай-ақ жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуін бақылау және оның алдын алу жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуді Шығыс Қазақстан облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі Е. Б. Қанапиянов жүргізді.

Кездесу барысында спикер деструктивті діни ағымдардың қоғамға, әсіресе жастарға төндіретін қауіп-қатері туралы айтып, олардың негізгі белгілері мен адамдарды өз қатарына тарту тәсілдеріне тоқталды, діни білімді тек ресми әрі сенімді дереккөздерден алудың маңыздылығын түсіндірді.

Студенттерге интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни ақпаратты ажырату, діни мазмұндағы материалдарға сыни көзқараспен қарау және бейтаныс діни топтардың ықпалына түспеу жөнінде практикалық ұсынымдар берілді.

Тақырыпты тереңірек түсіндіру және алынған ақпаратты бекіту мақсатында қатысушыларға профилактикалық бейнеролик көрсетілді. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан тиісті жауаптар алды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілетін мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және деструктивті идеологияның таралуының алдын алуға бағытталған.