15–19 маусым аралығында Атырау қаласында KAZUZGEONOMAD халықаралық жазғы мектебінің үшінші кезеңі өтуде. Жоба Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларын біріктіріп, тәжірибе алмасу мен кәсіби дамуға жаңа мүмкіндіктер ұсынуда. Бағдарламаға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) студенттері де қатысуда.

Жазғы мектеп Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында ұйымдастырылып отыр. Қатысушыларды дәрістер, практикалық сабақтар, далалық зерттеулер, командалық жобалар және геология, экология мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне арналған талқылаулардан тұратын мазмұнды бағдарлама күтуде.

Бағдарламаның ерекшелігі – оның халықаралық сипаты. Жазғы мектеп жұмысына қазақстандық студенттермен қатар Ташкент геология ғылымдары университетінің өкілдері де қатысуда. Бұл болашақ мамандар арасында ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік береді.

ШҚТУ студенттері үшін KAZUZGEONOMAD жазғы мектебіне қатысу – кәсіби білімдерін тереңдетіп қана қоймай, заманауи зерттеу әдістерімен танысуға, тәжірибелік дағдыларын дамытуға және сала мамандарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік. Әсіресе геология бағытында білім алып жатқан студенттер үшін мұндай халықаралық алаңдар кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.

KAZUZGEONOMAD жобасы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, жастардың ғылыми бастамаларын қолдауға және табиғи ресурстарды зерттеу мен тиімді пайдалану саласында білікті мамандар даярлауға бағытталған.

ШҚТУ студенттерінің аталған жобаға қатысуы университеттің академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық серіктестікті нығайтуға және білім алушыларға сапалы тәжірибелік білім беруге бағытталған жұмысының нәтижесін көрсетеді.