Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Халықаралық инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры Ескермесов Дидар Қайратұлы Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Испаниядағы Кадис университетінің Альхесирас Жоғары инженерлік мектебінде (Algeciras School of Engineering and Technology, ASET) ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті.

Сапардың негізгі мақсаты – университеттер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, академиялық байланыстарды дамыту, ғылыми-педагогикалық тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру мен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту болды.

Тағылымдама барысында Дидар Қайратұлы Кадис университетінің студенттері, оқытушылары және зерттеушілері үшін дәрістер мен ғылыми семинарлар өткізді. Сабақтарда беттік инженерия, функционалдық жабындар технологиялары және материалтану саласындағы заманауи жетістіктер қарастырылды. Сонымен қатар плазмалық азоттау технологиялары, PVD және CVD жабындары, трибология, коррозиялық процестер, сондай-ақ XRD, SEM/EDX және AFM әдістерін пайдалана отырып материалдардың құрылымы мен қасиеттерін зерттеудің заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Тағылымдама аясында Альхесирас Жоғары инженерлік мектебінің басшылығымен, профессорлық-оқытушылық құрамымен және зерттеушілерімен жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Кездесулер барысында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ғылыми-білім беру әлеуеті таныстырылып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми жарияланымдар әзірлеу, гранттық жобаларға қатысу және оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту мәселелері талқыланды.

Erasmus+ бағдарламасына қатысу халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға, заманауи білім беру және ғылыми тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ жаңа кәсіби серіктестік орнатуға мүмкіндік берді. Тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың халықаралық қызметін дамытуға, білім беру үдерісін жетілдіруге және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.