Жастардың рухани дамуы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында университетімізде «Абай мұрасы – ұрпақтар үшін рухани бағдар!» атты студенттермен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлы шығармаларының бүгінгі қоғамдағы маңызы мен тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды.

Дөңгелек үстел барысында студенттер Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі адамгершілік, білімге ұмтылу, еңбекқорлық, әділдік сияқты құндылықтардың қазіргі жастар үшін өзектілігі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы аясында тұлғаның рухани кемелденуі, жастардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру мәселелері қозғалды.

Іс-шараны «Зерде» клубының басшысы Қасен Нұржайнат клуб мүшелерінің қатысуымен ұйымдастырып, өткізді. Студенттер Абай шығармаларынан үзінділер оқып, ақын мұрасының жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ қатысушылар арасында шағын викторина ұйымдастырылып, студенттер өз білімдерін сынап, белсенділік танытты.

Дөңгелек үстел студенттердің ой-пікір алмасуына, ұлттық рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға және Абай мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Абайдың тағылымды ойлары мен рухани мұрасы – бүгінгі жастар үшін де өмірлік бағдар болып қала беретіні сөзсіз.