Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы академиялық қызмет департаментінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, Бизнес мектебінің профессоры Нурекенова Эльвира Собетоллаевнаны мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!

Эльвира Собетоллаевна – жоғары білікті маман, талантты оқытушы және ғалым. Ол өзінің кәсіби қызметін жоғары білімді дамытуға және жоғары деңгейлі мамандар даярлауға арнаған.

1998 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша аяқтап, экономист және менеджмент саласының маманы біліктілігін алды. Оның ғылыми жолы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтында жалғасты. Мұнда 2010 жылы Қазақстан өңірлерінің тұрақты дамуы жағдайында өңірлік бюджеттік тетікті жетілдіру тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Үздіксіз кәсіби дамуға деген ұмтылыс Эльвира Собетоллаевнаны Мәскеу қаласындағы Жоғары экономика мектебінде білім алуға жетеледі. 2022 жылы ол «Жоғары білім берудегі менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша менеджмент магистрі дәрежесін алды.

Эльвира Собетоллаевнаның еңбек жолы 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы «Водоканал» өндірістік кооперативінде басталды.

2000 жылдан бастап оның кәсіби қызметі университетпен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде ол «Қаржы, есеп және салық салу» кафедрасының ассистентінен бастап доцент, кафедра меңгерушісі, Бизнес және кәсіпкерлік мектебінің деканы, Бизнес мектебінің профессоры қызметтеріне дейінгі еңбек жолдарынан өтті.

Бүгінде Эльвира Собетоллаевна Академиялық қызмет департаментін табысты басқарып, білім беру бағдарламаларын дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға және университеттің академиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Эльвира Собетоллаевнаның ғылыми және кәсіби қызметі академиялық қауымдастықта кеңінен танылған. Ол «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2015» атағының иегері, Scopus базасы бойынша Хирш индексі – 9. Сонымен қатар «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, QS (Quacquarelli Symonds) академиялық сарапшысы және білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз IQAA агенттігінің сарапшысы болып табылады.

Эльвира Собетоллаевна Ресейде, Беларусьте, Мальтада және Кипрде өткен халықаралық ғылыми жобаларға, тағылымдамалар мен білім беру бағдарламаларына белсенді қатысып, халықаралық академиялық ынтымақтастықтың дамуына үлес қосып келеді.

Құрметті Эльвира Собетоллаевна!

Осы мерейлі күні Сізге зор денсаулық, амандық, жаңа ғылыми жетістіктер, шығармашылық шабыт және университет пен қазақстандық ғылымның игілігі жолындағы кәсіби қызметіңізде толағай табыстар тілейміз!