Университетте білім алушыларға арналған «Инфекциялық аурулардың алдын алу: қызылша, гепатит және профилактикалық екпелердің маңызы» тақырыбында ақпараттық-ағартушылық кездесу ұйымдастырылды.Кездесуді амбулаториялық орталықтың тәжірибелі дәрігер-эпидемиологы Целюрик В.И  жүргізді. Іс-шараға 1–2 курс студенттері қатысты.

Кездесу барысында маман инфекциялық аурулардың таралу жолдары, әсіресе қызылша мен гепатиттің белгілері, олардың алдын алу шаралары және дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ студенттерге аталған аурулардың адам ағзасына әсері, жұқпалы аурулардың таралуын болдырмаудағы жеке гигиенаның рөлі және санитарлық талаптарды сақтау қажеттілігі түсіндірілді.

Дәрігер-эпидемиолог профилактикалық екпелердің маңыздылығына ерекше тоқталып, вакцинация жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар иммунитетті нығайту, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы кеңестер берілді.

Іс-шара барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан толық әрі жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар қатысушыларға инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша ұсыныстар қамтылған ақпараттық парақшалар мен брошюралар таратылды.

Аталған кездесу студенттердің инфекциялық аурулар туралы хабардарлығын арттыруға, жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталды. Университетте жастар арасында медициналық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында осындай ақпараттық іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.