Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті  жатақханасының студенттері арасында қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына орай танымдық кездесу кеші өтті.

Іс-шараға Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың қызметкері қатысып, студенттермен мазмұнды кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға Әлихан Бөкейханның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, ел тәуелсіздігі жолындағы күресі және ұлт тарихындағы орны туралы кеңінен мәлімет берілді. Сондай-ақ оның ұлт зиялылары қатарындағы рөлі, ағартушылық қызметі мен тарихи мұрасы жөнінде қызықты деректер айтылып, студенттермен танымдық пікір алмасу ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында студенттер қазақ халқының тарихы мен ұлттық мемлекет қалыптастыру жолындағы күрес кезеңдері туралы тың ақпараттармен танысып, өз ойларын ортаға салды. Кездесу еркін форматтағы сұрақ-жауап түрінде жалғасып, қатысушылар тарихи тұлғаның мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.

Мұндай тәрбиелік және танымдық кездесулер студент жастардың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ел тарихындағы көрнекті тұлғалардың мұрасын насихаттауға бағытталған.

Кездесуді университеттің педагог-тәрбиешілері ұйымдастырды.