Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Е. Смолякова жұмыс сапарымен келді.
Сапар бағдарламасы оқу ісі жөніндегі проректор А.Х. Машекенованың құттықтау сөзімен басталып, Лу Бан шеберханасының қызметін таныстыратын бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге жасалып жатқан жағдайларды қамтитын инклюзивті білім беруді дамытуға арналған презентация ұсынылды.
Экскурсия барысында қонақ университеттің жетекші ғылыми орталықтары мен зертханаларының қызметімен танысты: «SMART ENGINEERING» құзыреттер орталығы, «Қорғаныс және функционалды жабындар» ғылыми орталығы, Құрылыс және құрылыс технологиялары саласындағы құзыреттер орталығы және «VERITAS» озық тәжірибе орталығы. Әрбір орталық өнеркәсіптің қажеттіліктеріне және жаңа буын инженерлік кадрларын даярлауға бағытталған зерттеу нәтижелері мен тәжірибелік әзірлемелерін таныстырды.
Сапар қорытындысында депутат университеттің жоғары ғылыми және білім беру әлеуетін атап өтіп, ШҚТУ-дың ғылым мен инновацияны дамытудағы жүйелі тәсілін ерекше көрсетті. Ол жас ғалымдарды қолдау мәселелеріне айрықша назар аударды. Оның пікірінше, мұндай қолдаудың маңызды тетігі әлеуметтік бағдарламалар болуы тиіс, соның ішінде жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – талантты жастарды ғылымға және аймақта қалдыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезеңде университеттің оннан астам жас әріптесі бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.
Сондай-ақ, ШҚТУ-дағы инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінді: қолжетімді орта құру, заманауи білім беру технологияларын енгізу және мүмкіндігі шектеулі студенттердің академиялық өмірге толыққанды араласуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Жұмыс сапары Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың уақыт талабына жауап бере алатын мамандарды даярлайтын және инженерлік инновациялардың орталығы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.