Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын №184-595-25 AP26198919 «Қазақстандық отбасы қоғамдық қатынастар жүйесінде: жаңғыру жағдайындағы институтаралық өзара іс-қимылдың әлеуеті мен мәселелері» атты гранттық ғылыми жобаның Күнтізбелік жоспарына сәйкес (06.10.2025 ж. №400/25-27 ГҚ шарты), жоба ғылыми қызметкерлерінің Стамбұл университетіне (Istanbul University) ғылыми іссапары жүзеге асырылды.

Іссапардың маңызды мақсаттарының бірі – озық шетелдік тәжірибені теориялық-әдіснамалық тұрғыдан талдауға қажетті материалдарды жинақтау, құндылықтар жүйесінің алуан түрлілігімен және жалпыазаматтық ынтымаққа қол жеткізу қабілетімен ерекшеленетін полимәдени қауымдастықтарды зерттеудің заманауи ғылыми тәсілдерімен танысу, әлеуметтік зерттеулер саласындағы кәсіби біліктілікті арттыру және ғылыми байланыстар аясын кеңейту болды.

Жұмыстың елеулі бөлігі Әл-Фараби атындағы Еуразиялық зерттеулер және қолданбалы зерттеулер орталығында (түрікше: Farabi Avrasya Araştırma ve Uygulama Merkezi) жүргізілді.

Іссапар аясында Farabi Avrasya Araştırma ve Uygulama Merkezi өкілдерімен сараптамалық кездесулер өтті. Аталған орталық Еуразия өңірі елдеріндегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени үдерістерді зерттеумен айналысады. Оның зерттеу бағыттарына Балқан түбегі, Кавказ, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері кіреді. Сонымен қатар орталық ұлттық және халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, кең ауқымды ғылыми байланыстар жүйесін қалыптастыруда.

Орталық директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абдулла Қызылжықпен және орталық қызметкері, профессор Ораз Сапашұлы Сапашевпен өткен кездесулер барысында тараптар болашақтағы ғылыми ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін растады. Сонымен қатар университеттің басқа да ғалымдары және докторанттарымен танысу мүмкіндігі болды.

Кездесулер барысында зерттеу тобы жүзеге асырылып жатқан жоба шеңберінде орындалған жұмыстарды таныстырды. Қоғамдық трансформация жағдайындағы үдерістерді зерттеудің әдіснамалық тәсілдері талқыланды. Атап айтқанда, отбасы құрылымдарының өзгеруі, отбасы функцияларының эволюциясы, отбасы мен басқа әлеуметтендіруші институттардың өзара әрекеттестігі, ішкі және сыртқы көші-қон факторларының қазіргі қалалық отбасылардағы әйелдердің жағдайына ықпалы және басқа да мәселелер қарастырылды.

2026 жылғы 10–22 маусым аралығында жоба жетекшісі Э.О. Столярова, жобаның жетекші ғылыми қызметкері Ж.С. Аубакирова және бас ғылыми қызметкері Н.Л. Краснобаева көлемі 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсынан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды. Тағылымдама барысында отбасылық саясат, отбасы құндылықтары және қазіргі түрік қоғамындағы отбасы институтының трансформациясы мәселелеріне арналған сараптамалық кездесулер мен консультациялар өткізілді.

«Digital Social Research» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы