Германияға жасалған жұмыс сапары аясында ШҚТУ өкілдері Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институтын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты арттыру және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылау мақсатында Германияның бірқатар стратегиялық университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарына барды.    

Делегация құрамына Халықаралық инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры Ж.С. Оналбаева, Veritas Excellence орталығы профессоры Н.А. Күленова және Veritas Excellence орталығының қауымдастырылған профессоры М.А. Саденова кірді.

Бранденбург техникалық университеті Котбус–Зенфтенбергндегі кездесу

Бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі Бранденбург техникалық университеті Котбус–Зенфтенбергне жасалған сапар болды.        

Мұнда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өкілдері Ральф Оссенбрик және Дашкин Турабовпен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда:бірлескен халықаралық жобаларға өтінім беру,Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институтын дамыту, студенттер мен оқытушыларға арналған тағылымдамаларды ұйымдастыру, академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту.

Қазіргі таңда Бранденбург техникалық университеті Котбус–Зенфтенбергде Erasmus+ бағдарламасы аясында семестрлік оқуға келген ШҚТУ-дың үш студенті білім алуда.

Сонымен қатар, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде келесі семестрде Германияда білім алуға ниетті студенттерді іріктеу жұмыстары жүргізілуде.

Фраунгофер атындағы Өндірістік жүйелер институтына сапар

Келесі күндері делегация Фраунгофер атындағы Өндірістік жүйелер институтына барып, институт зертханаларының қызметімен және заманауи ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысты. Институт қызметкерлері Оливер Крумпек және Ренан Осс Джакомелли халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми зерттеулер саласындағы жобаларды таныстырды.

Айта кету керек, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Фраунгофер атындағы Өндірістік жүйелер институты және Мюнхен техникалық университеті бірлесіп KONFORM KAZ жобасына өтінім берді. Жоба Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында өндірістік үдерістерді стандартталған цифрландыруға арналған технологиялар трансферінің академиялық орталығын құруға бағытталған.

Берлин техникалық университетімен ынтымақтастық перспективалары

Берлин техникалық университетіне жасалған сапар аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өкілдері профессор, инженерия ғылымдарының докторы Йорг Крюгермен кездесіп, өнеркәсіптік автоматтандыру кафедрасының қызметімен танысты. Сондай-ақ Эвелина Скурскимен кездесу өтті. Кездесу барысында халықаралық серіктестікті кеңейту перспективалары, бірлескен ғылыми бастамаларды дамыту, сондай-ақ халықаралық білім беру және зерттеу бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Зерттеуші Эрик Сёрквист және оның командасы медицинада жасанды интеллектті енгізу бойынша заманауи әзірлемелерді, сондай-ақ машиналық көру саласындағы жобаларды таныстырды. Сонымен қатар Мустафа Анил Сафран Түрік-Герман университетінің инженерлік факультетінің қызметі туралы баяндап, ШҚТУ өкілдерін 2027 жылы Түркияда өтетін халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.

Кездесулер қорытындысы бойынша Берлин техникалық университеті және Фраунгофер атындағы Өндірістік жүйелер институтымен одан әрі ынтымақтастықтың екі басым бағыты айқындалды: медициналық инженерия, ақылды ауыл шаруашылығы.

Жұмыс сапары Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институтының халықаралық серіктестік байланыстарын нығайтуда, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуда, академиялық ұтқырлықты кеңейтуде және инновациялық жобаларды іске асыруда маңызды қадам болды.