Тәрбие жұмысы бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесінде тек кәсіби құзыреттіліктерді қалыптастырумен ғана шектелмей, сондай-ақ, тұтас, адамгершілік тұрғыдан кемелденген тұлғаны дамытуға бағытталған. Осы тұрғыда білім, адамгершілік, жауапкершілік және қоғамға қызмет етудің үйлесімді бірлігіне негізделген «Толық адам» тұжырымдамасын іске асыру айрықша маңызға ие.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде аталған құндылықтар білім беру мен тәрбиелеу үдерісіне тұрақты түрде енгізіліп келеді. Тәрбие үдерісінің әлеуметтік бағыттылығы студенттердің волонтерлік қызметі арқылы да жүзеге асырылады: олар тұрақты түрде қайырымдылық акцияларын өткізеді, мерекелерді, шығармашылық және дамытушы іс-шараларды ұйымдастырады, сыйлықтар апарып, балаларға қолдау көрсетеді. Мұндай жұмыс түрлері жастардың бойында тұрақты адамгершілік бағдарларды, сондай-ақ әлеуметтік серіктестік пен қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

2025 жылдың желтоқсан айында осы бағыт аясында ШҚТУ қабырғасында «Үміт» балалар үйінің директоры, Майра Баймұқанқызы Бейсеканованың еңбек жолындағы жарты ғасырлық мерейтойына арналған рухани-тәрбиелік кездесу ұйымдастырылды. Ол өзінің еңбек жолының басым бөлігін балаларды тәрбиелеуге арнап, олар үшін қалтықсыз қызметтің, адами төзімділіктің және шынайы педагогикалық құндылықтардың жарқын үлгісіне айналды. Аталған іс-шара студент жастар үшін тәрбиелік маңызды сәт болып, «Толық адам» идеалдарын – мейірімділік, жауапкершілік және адамның қадір-қасиетіне құрмет көрсету құндылықтарын нақты өмірлік үлгі арқылы терең түсінуге мүмкіндік берді. Кездесу аясында университет студенттері ұлттық дәстүрлерге негізделген, шынайы сезімге толы шығармашылық бағдарлама ұсынып, балаларға қамқорлық жасауды өмірінің мәніне айналдырған жанға өз алғыстарын білдірді.

Бұл бастаманың жалғасы ретінде ШҚТУ студенттері «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілерін қолдау, оларға қуаныш пен жылулық сыйлау атмосферасын қалыптастыруға бағытталған көшпелі концерт өткізуді жоспарлауда.

Осылайша, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы тәрбие жұмысы білім адамгершілік құндылықтармен толықтырылатын тұтас жүйе ретінде қалыптасып, университет тек кәсіби тұрғыда ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіне алатын тұлғаны қалыптастыратын ортаға айналады.