Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №1, №2 және №3 студенттік жатақханаларында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған алдын алу кездесулері ұйымдастырылды.
Үш күн бойы университеттің бейінді бөлімдерінің мамандары студенттерге жатақхананың ішкі тәртіп ережелерін сақтау, қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениеті, құқық бұзушылықтың алдын алу және академиялық адалдық қағидаттары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптары, саламатты өмір салты және жастардың психологиялық әл-ауқаты мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесулер барысында өзара құрмет пен жеке жауапкершіліктің, жатақхана мүлкіне ұқыпты қараудың, тазалық пен тәртіпті сақтаудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызы айтылды.
Іс-шаралар ашық диалог форматында өтті. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді мамандармен бірге талқылап, қажетті кеңестер алды.
Мұндай іс-шаралар университеттегі тәрбие және алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі саналады. Олар студенттердің құқықтық мәдениеті мен парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ студенттік ортадағы сенім мен өзара жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.