Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті кореялық жетекші жоғары оқу орындарымен жаңа келісімдерге қол жеткізді. ШҚТУ Hanbat National University және Kyungsung University-мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.
Кореяға жасалған сапар ШҚТУ-дың халықаралық байланыстарын кеңейтіп, әлемдік академиялық және технологиялық кеңістікке кірігуіне тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар университет студенттері, оқытушылары мен ғалымдарының академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуына, ортақ зерттеулер жүргізуіне және халықаралық жобалар аясында тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Hanbat National University-мен жасалған меморандум студенттер мен оқытушылар алмасуды, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, ғылыми зерттеулер жүргізуді және академиялық іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Инженерлік білімді жетілдіру, технологиялық жаңашылдықтарды енгізу, қолданбалы ғылымды дамыту және университеттердің өндіріспен байланысын нығайтуға басымдық беріледі.Екі университетті өнеркәсіптің нақты міндеттерін шеше алатын білікті мамандар даярлау мақсаты біріктіреді. Жаңа әріптестік ғылыми және инженерлік тәжірибені ұштастырып, жекелеген академиялық бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға жол ашады.
Сапар барысында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректор Сәуле Рахметуллина Пусан қаласына барып, Kyungsung University басшылығымен кездесті. Келіссөздерде университетаралық байланысты одан әрі дамыту, білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, студенттер мен оқытушылар алмасу мәселелері қаралды. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инженерлік білім, инновациялар және өндірістік серіктестермен өзара ықпалдастық негізгі бағыттар ретінде айқындалды.Кездесу қорытындысында ШҚТУ мен Kyungsung University өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ұзақ мерзімді әріптестіктің негізін қалап, ортақ академиялық, ғылыми және технологиялық бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Корея Республикасының жетекші университеттерімен ынтымақтастықты дамыту ШҚТУ-дың халықаралық қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Оңтүстік Корея инженерлік білім беру, технологиялық инновациялар және университеттердің өнеркәсіппен ықпалдастығы саласында мол тәжірибеге ие. Бірлескен жобалар мен академиялық алмасуды дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп санаймыз», – деді Сәуле Рахметуллина.
Сапарға ШҚТУ-дың стратегиялық өндірістік серіктесі Allur Kazakhstan компаниясының өкілі де қатысты. Университет пен бизнес өкілдерінің бірлескен кездесулері инженер мамандарды тәжірибеге бейімдеп даярлау, сондай-ақ заманауи өндіріс пен автомобиль технологиялары салаларындағы жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.
Пусан – Корея Республикасының ірі экономикалық, логистикалық және технологиялық орталықтарының бірі. Қаладағы инновациялық инфрақұрылым, цифрлық экономика және жоғары технологиялы өндіріс ШҚТУ үшін университеттермен, зерттеу орталықтарымен және технологиялық компаниялармен байланыс орнатуға қолайлы жағдай туғызады.
Әріптестіктің жаңа бағыттары Қазақстан-Корея бизнес-дөңгелек үстелінде де талқыланды. Кездесуде критикалық және сирек металдар, геология мен металлургия, энергетика, жасанды интеллект және инженер кадрларды даярлау мәселелеріне назар аударылды. Бұл салалар ШҚТУ-дың ғылыми басымдықтарымен сабақтас әрі Шығыс Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық мәнге ие.
Өнеркәсібі дамыған, минералдық-шикізат қоры мол Шығыс Қазақстан халықаралық технологиялық жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. ШҚТУ ғалымдары мен инженерлері пайдалы қазбаларды зерттеу және шикізатты терең өңдеу, өндіріске жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, жаңа технологияларды игеру және білікті инженерлер даярлау бағыттарындағы жұмыстарға қатыса алады.
Кореяға жасалған сапар университеттің халықаралық серіктестер қатарын толықтырып қана қоймай, алдағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Келесі кезеңде ортақ жобалық топтар құру, академиялық алмасу бағдарламаларын пысықтау және ғылыми-білім беру бастамаларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Меморандумдар аясындағы жұмыстар инженерлік білімнің сапасын арттыруға, қолданбалы ғылымды өркендетуге және университет пен өндіріс байланысын күшейтуге ықпал етеді. Жаңа әріптестік ШҚТУ-дың халықаралық беделін нығайтып, университеттің Шығыс Қазақстан мен еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына қосатын үлесін арттырады.