2026 жылғы 15 мамырда «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында колледж еріктілері қарт адамдарға қолдау көрсетуге, аға буын өкілдеріне құрмет білдіруге және жастар арасында адамгершілік, мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттерін дамытуға бағытталған игі әрі маңызды шараға қатысты.
Акция барысында студенттер жалғыз тұратын 94 жастағы әжейдің үйіне барып, шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетті. Жастар аула тазалап, бақшаны көктемгі егіс жұмыстарына дайындауға көмектесті, сондай-ақ бірқатар тұрмыстық жұмыстарды атқарды.
Қария үшін ерекше құнды болғаны – жастардың ықыласы, қамқорлығы және шынайы қарым-қатынасы. Студенттер әжеймен әңгімелесіп, оның өмірлік тәжірибесін тыңдап, құрмет пен қолдау сөздерін білдірді.
Көрсетілген көмек үшін қарт ана студенттерге шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді, денсаулық, амандық және оқуда табыс тіледі.
Осындай іс-шаралар жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға, аға буынға деген құрметін арттыруға және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға ықпал етеді.