Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттер арасында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Жеке бас бостандығына құқық: зорлық-зомбылық, қудалау (сталкинг), харассмент және некеге мәжбүрлеу үшін құқықтық негіздер мен жауапкершілік» тақырыбында ақпараттық-танымдық кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жеке бас бостандығын қорғау тетіктерін түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру.

Кездесу барысында университеттің заңгер маманы мен «Құқықтану негіздері» пәнінің оқытушысы қолданыстағы заңнама аясында аталған құқық бұзушылық түрлерінің құқықтық анықтамаларына, олардың қоғамға тигізетін салдарына және заңнамалық жауапкершілік шараларына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жеке шекараны сақтау, киберкеңістіктегі қудалау фактілерінен қорғану жолдары туралы нақты түсіндірме берілді.

Спикерлер презентациялық материалдар ұсынып, шынайы өмірден алынған мысалдар арқылы тақырыптың маңыздылығын ашып көрсетті. Интерактивті форматта өткен кездесу барысында студенттер пікір білдіріп, өз ойларымен бөлісті.

Шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі нақты жауаптар беріліп, құқықтық көмек алу жолдары түсіндірілді.

Аталған кездесу жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға, заң талаптарын құрметтеу қағидатын қалыптастыруға және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.