Университетте «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан облысы Полиция басқармасы өкілдерінің қатысуымен әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларына арналған кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Кездесу барысында полиция қызметкерлері әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлері, құқықбұзушылықтардың салдары, сондай-ақ жастар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар туралы кеңінен ақпарат берді.

Кездесу барысында спикерлер сөз сөйлеп, студенттерге дропперлік қызметтің қауіптілігі, интернет-алаяқтық түрлері, жол қозғалысы ережелерін сақтау, сондай-ақ жатақханадағы тәртіп талаптары жөнінде жан-жақты түсіндірме жасады. Нақты өмірлік мысалдар келтіріліп, заң бұзушылықтардың ауыр салдары ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, түрлі өмірлік жағдайларға байланысты құқықтық кеңестер алды. Ашық диалог форматында өткен кездесу қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болды.

Іс-шара соңында студенттерге алаяқтықтан қорғану жолдары көрсетілген QR-код, сондай-ақ ақпараттық ескертпе-парақшалар таратылды. Бұл материалдар жастардың интернеттегі қауіптерге қарсы сақтық шараларын күшейтуге бағытталған.

Аталған кездесу жастардың заңға деген жауапкершілігін арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз қоғам құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.