Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні №1 жатақхана студенттері арасында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның тақырыбы: «Студент киберқылмыспен бетпе-бет келген жағдайда қалай әрекет ету керек: қайда жүгіну және құқықбұзушылық фактісін қалай тіркеу қажет?».
Кездесуге спикерлер ретінде Өскемен қаласының полиция қызметкерлері қатысып, студенттерге киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау бойынша жан-жақты ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, киберқылмыстың кең таралған түрлері, әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформаларда кездесетін қауіп-қатерлер, жеке деректерді қорғау тәсілдері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, құқықбұзушылық фактілері орын алған жағдайда оны тіркеу алгоритмі мен уәкілетті органдарға жүгіну тәртібі егжей-тегжейлі баяндалды.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты өмірлік жағдайларға негізделген тәжірибелік кеңестер алды. Полиция қызметкерлері интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударып, әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігі киберқылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Аталған іс-шара студенттердің киберқауіпсіздік мәдениетін арттыруға, құқықтық білімдерін жетілдіруге және заң талаптарына сай әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды профилактикалық алаң болды.