30 қазан күні Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №3 Студенттер үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері және университеттің Психологиялық қызметінің өкілі қатысты.
Кездесу барысында мамандар заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын ұстану мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар күрделі жағдайларда психологиялық көмекке дер кезінде жүгінудің маңыздылығы айтылып, студенттер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жолдары талқыланды.
Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті кеңестер алды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, психологиялық саулығын нығайтуға және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ықпал етеді.

