Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да волонтерлік және қайырымдылық қызмет университеттің әлеуметтік миссиясының маңызды бөлігі болып, тәрбиелік процесстің негізгі бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырылады. Бұл студенттерде белсенді азаматтық ұстанымды, жауапкершілікті және қоғамға қызмет етуге дайындықты қалыптастыру арқылы болашақ мамандарды жан-жақты даярлауға мүмкіндік береді.

Жаңа жыл қарсаңында волонтерлік акциялар өткізу университеттің игі дәстүрлерінің біріне айналды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың студенттері, ректоры және өкілдері «Үміт» балалар үйіне шығармашылық бағдарламамен барды. Студенттер дайындаған концерт тәрбиеленушілерге көрсетілген шынайы көңіл бөлудің, қамқорлық пен қолдаудың жарқын көрінісі болды. Музыкалық және би қойылымдары, ұлттық нақыштағы нөмірлер мен жылы қарым-қатынас балаларға қуаныш пен жағымды эмоциялар және мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ШҚТУ делегациясы үшін экскурсия ұйымдастырылып, студенттер мен қызметкерлер балалар үйінің тәрбиеленушілерімен және олардың тұрмыс жағдайымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Аталған іс-шараға шетелдік студенттеріміздің қатысуы ерекше мәнге ие болды. Бұл – шетелдік студенттердің университет қауымдастығының ажырамас бөлігіне айналғанының айқын дәлелі. Кездесу жылы әрі бейресми жағдайда өтіп, балалар үйінің тәрбиеленушілері өздерінің болашаққа деген жоспарларымен бөлісті.

Қайырымдылық бастамасының жалғасы ретінде университет атынан балаларға сыйлықтар – олардың дамуына, білім алуына және оқу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін планшеттер табысталды. Мұндай қолдау университеттің білімге және заманауи білім беру ресурстарына тең қолжетімділік жағдайларын қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді.

ШҚТУ студенттерінің волонтерлік қызметі жүйелі түрде ұйымдастырылып, жоғары білім беру жүйесінің тәрбиелік бағытына сай адамгершілік қасиеттерді, эмпатияны және әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға бағытталған. Қайырымдылық іс-шараларына қатысу студенттердің бастамашылдығын, белсенді азаматтық ұстанымын арттырып, гуманизм мен өзара қолдау құндылықтарын іс жүзінде меңгеруіне ықпал етеді.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде жүзеге асырылатын әлеуметтік бастамалар университеттің білім мен кәсіби дағдыларды игерумен қатар, қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайын, жан-жақты тұлғаны тәрбиелейтін орта екендігін айқындайды.