Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Антальяда өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясындағы халықаралық сессияны бірлесіп ұйымдастырды.
«Powering the Transition: Energy Security, Mobility & Critical Minerals» («Өтпелі кезеңді қамтамасыз ету: энергетикалық қауіпсіздік, ұтқырлық және аса маңызды минералдар») атты сессия 2026 жылғы 10 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында өтті. Іс-шараны ШҚТУ, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) және RTCC бірлесіп ұйымдастырды.
Сессия жұмысына АҚШ, Марокко және басқа да елдердің халықаралық ұйымдары, университеттері мен ғылыми орталықтарының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында ICESCO-ның Ғылым және қоршаған орта секторының басшысы Қуаныш Ерғалиев және Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев болды.
Сарапшылар энергетикалық қауіпсіздік, тұрақты ұтқырлықты дамыту, аса маңызды және сирек жер металдарын экологиялық қауіпсіз өндіру мен терең өңдеу мәселелерін талқылады.
ШҚТУ халықаралық сессияның мазмұндық бағдарламасын қалыптастыруға тікелей атсалысты. Университет Қазақстанның аса маңызды минералдық ресурстарды зерттеу және өңдеу саласындағы әлеуетін, Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды, сондай-ақ шетелдік ғылыми және өнеркәсіптік серіктестермен ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды.
Сессия барысында титан мен бериллийді өңдеудің экологиялық тиімді технологияларын дамытуға және аса маңызды материалдарды жеткізудің тұрақты тізбектерін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. TiBeRIUM жобасын жүзеге асыруға ШҚТУ-мен қатар қазақстандық өнеркәсіптік серіктестер, соның ішінде Үлбі металлургиялық зауыты мен Tenir Group қатысады.
COP31 алаңында талқыланған мәселелер Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Өңірде тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындары шоғырланған және титан, бериллий мен сирек жер металдарын зерттеу және өңдеу бойынша ғылыми-өндірістік база қалыптасқан. Экологиялық қауіпсіз технологияларды әзірлеу, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу және білікті инженерлік кадрлар даярлау өңір экономикасының одан әрі дамуымен тікелей байланысты.
Шетелдік сарапшылар ШҚТУ-дың ғылыми-техникалық және білім беру әлеуетіне, сондай-ақ университеттің халықаралық зерттеу жобаларын жүзеге асыру және жаңа буын инженерлерін даярлау мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
ШҚТУ-дың COP31 деңгейіндегі халықаралық іс-шараны ұйымдастыруға қатысуы университеттің халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнын нығайтып, ғылыми және өндірістік байланыстарды кеңейтуге, Шығыс Қазақстан кәсіпорындарына заманауи технологияларды тартуға және бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.