Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ректор Сәуле Рахметуллинаның төрағалығымен Ғылыми кеңес отырысы өтті. Қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы аясындағы университет міндеттерін, стратегиялық даму бағдарламасының іске асырылуын, қабылдау науқанының қорытындыларын, білім беру және ғылыми қызмет мәселелерін талқылады.
Отырыс барысында Дмитрий Догадкинге, Дәуір Кәкімжановқа және Назерке Мұқтановаға философия докторы (PhD) дипломдары салтанатты түрде табысталды. Оларға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2026 жылғы 19 қыркүйектегі № 680 бұйрығымен «Техникалық физика» білім беру бағдарламасы бойынша дәреже берілген. Күрделі ғылыми және инженерлік міндеттерді шеше алатын зерттеушілерді даярлау - университеттің ғылыми әлеуетін дамытудың маңызды құрамдасы.
Отырыста Президент Жолдауының инженерлік білім мен қолданбалы ғылым үшін маңызына ерекше назар аударылды. Білікті кадрлар даярлау, өнеркәсіпті технологиялық жаңарту, энергетиканы, инфрақұрылымды және жасанды интеллектіні дамыту ШҚТУ-дың білім беру және зерттеу бағыттарымен тікелей байланысты.
Ректордың баяндамасында ұлттық басымдықтар университеттің құрылыс, көлік, энергетика, геологиялық барлау, су шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешені үшін мамандар даярлау міндеттерімен сабақтастыра қарастырылды. Ғылыми нәтижелерді кәсіпорындардың міндеттерін шешуге және өңірді дамытуға қолдану маңызды бағдар ретінде белгіленді.
Осы тұрғыда Критикалық материалдар және тұрақты металлургия институтын дамыту мәселесі қаралды. Институттың жалпы ауданы 8 381 шаршы метр болатын жаңа ғимаратының жобасын әзірлеу барысы таныстырылды. ШҚО-ның бейінді басқармасымен бірлесіп нысанды орналастыру және қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде, эскиздік жобаға өзгерістер енгізілген. Жаңа инфрақұрылым критикалық материалдар мен шикізатты терең өңдеу саласындағы зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Цифрлық трансформация жеке талқылау бағытына айналды. Ұсынылған Digital EKTU 2027 тұжырымдамасы жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, білім беруде және университетті басқаруда қолдануды біріктіреді. Оның бағыттары қатарында AI-Sana III аясындағы өнеркәсіптік ЖИ-агенттер, Industrial AI Center және Smart Driving Technology жобаларын дамыту, білім беру бағдарламаларын жаңарту, дербестендірілген оқыту мен кампустың зияткерлік сервистерін жетілдіру бар.
Сондай-ақ «Алтай» технопаркін дамыту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, университеттік стартаптар құру және инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Технологиялық міндеттермен қатар инклюзивті білім беруге, құқықтық және экологиялық мәдениетке, азаматтық жауапкершілікке көңіл бөлінді.
Стратегиялық даму жөніндегі проректордың м.а. Альфия Закимова стратегиялық даму бағдарламасының 2025–2026 жылдардағы орындалуы жөніндегі есепті және оны 2027–2029 жылдарға түзету мәселелерін ұсынды. Жұмыс академиялық басымдыққа қол жеткізу, ғылыми-технологиялық серпіліс және университетті әл-ауқат кеңістігі ретінде дамыту бағыттары бойынша қаралды.
Ұсынылған деректерге сәйкес, CDIO тәсілдері бакалавриаттың 19 бағдарламасында қолданылады. Университетте төрт халықаралық жобаны қоса алғанда, 45 ғылыми жоба іске асырылуда, сондай-ақ коммерцияландырудың төрт жобасы дамытылуда. Көрсеткіштерді талдау қол жеткізілген нәтижелер мен қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асия Машекенова қабылдау науқанының қорытындыларын таныстырды. 2026 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына 2 585 адам, оның ішінде докторантураға 66 адам қабылданған. Оқуға түскендердің қатарында 11 елден келген 83 шетелдік білім алушы бар. Жұмыс берушілердің қатысуымен жасалған үшжақты шарттар бойынша 130 адам қабылданды.
Келесі жылдың міндеттерін талқылау барысында нысаналы даярлықты дамытуға, талапкерлерге кәсіпорындардың қолдауымен білім алу мүмкіндіктерін түсіндіруге және EKTU Educational Academy арқылы мектептермен байланысты нығайтуға назар аударылды. Ұсынылған жоспар бойынша 2027–2028 оқу жылында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына 3 105 адам қабылдау көзделген.
Ғылыми кеңес жаңа білім беру бағдарламаларын, қысқы емтихан сессиясын ұйымдастыруды, магистрлік диссертациялардың тақырыптары мен ғылыми жетекшілерін, «Автоматтандыру және басқару» бағыты бойынша диссертациялық кеңес құрамын, монографияларды баспаға ұсыну, университеттік гранттар мен оқу ақысына жеңілдіктер беру мәселелерін де қарастырды.
Отырыс елдің стратегиялық міндеттерін ШҚТУ-дың академиялық және ғылыми жұмысымен сабақтастыра талқылауға мүмкіндік берді. Негізгі бағдар: мамандар даярлау сапасын арттыру және нәтижелері экономика мен қоғамға қажетті зерттеулерді дамыту.