Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті әлемнің жетекші университеттері, ғылыми-зерттеу орталықтары мен білім беру ұйымдарын біріктіретін ірі халықаралық білім көрмелерінің бірі - CIEET 2026 көрмесіне қатысты.

CIEET - жай ғана көрме емес, бұл білім беру саласындағы жаһандық күн тәртібі қалыптасатын стратегиялық халықаралық алаң. Мұнда оқытуды цифрландыру, білім берудегі жасанды интеллекттің дамуы, академиялық ұтқырлық және болашақ экономикасы үшін мамандар даярлау сияқты негізгі трендтер талқыланады.

Бейжің қаласындағы алаң мыңдаған талапкерлердің, жоғары оқу орындары мен білім беру агенттіктерінің басын қосты. Көрме аясында әр елдің ұлттық павильондары өз білім беру жүйесінің әлеуетін таныстырып, ұзақ мерзімді әріптестіктер орнатуға мүмкіндік жасайды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ еліміздің басқа да жоғары оқу орындарымен қатар Қазақстан Республикасын халықаралық деңгейде таныстырып, заманауи инженерлік білім берудің мүмкіндіктерін көрсетті. Университеттің көрме стендінде келушілер:

  • білім беру бағдарламалары мен дайындық бағыттарымен,
  • ШҚТУ-да оқудың артықшылықтарымен,
  • шетелдік талапкерлерге арналған қабылдау шарттарымен,
  • шәкіртақылар мен академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерімен кеңінен танысты.

Көрме жоғары қызығушылық тудырып, әсіресе Қытай, Ресей Федерациясы және Африка елдерінен келген талапкерлер ШҚТУ-ға ерекше назар аударды. Университет өкілдері жеке кеңестер өткізіп, сұрақтарға жауап беріп, жаңа кәсіби байланыстар орнатты.

CIEET 2026 көрмесіне қатысу университеттің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға, имиджін нығайтуға және шетелдік студенттерді тарту географиясын кеңейтуге маңызды қадам болды.