Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан және Орталық Азия университеттері арасында CDIO дүниежүзілік бастамасының жалғыз мүшесі болып табылады. 2025 жылғы 18–21 тамыз аралығында Индонезияның Батам қаласында CDIO халықаралық бастамасына мүше университеттердің жыл сайынғы өңірлік кездесуі — Asian Regional Meeting өтті. CDIO ARM 2025 ұйымдастырушысы Индонезияның беделді жоғары оқу орындарының бірі — Politeknik Negeri Batam (Polibatam) болды. ШҚТУ атынан іс-шараға Халықаралық инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD Самат Байгереев және Ғылыми зерттеулер офисінің аға ғылыми қызметкері Мәдина Юсубалиева қатысты.

Конференция бағдарламасы төрт күнге созылып, CDIO бастамасын жүзеге асыру саласындағы жетекші сарапшылардың пленарлық баяндамаларын, арнайы сессияларды, дөңгелек үстелдерді, воркшоптарды, постерлік таныстырылымдарды және басқа да форматтарды қамтыды. Барлық баяндамалар ортақ тақырыпқа арналды: «Технологиялық прогресс жағдайында бағдарлану: жоғары білім берудегі жасанды интеллекттің рөлі». Негізгі назар инженерлік білім беру саласында тәжірибе алмасуға, CDIO-ның жаңа тәсілдері мен үздік тәжірибелерін талқылауға және Азия университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға аударылды.

Іс-шараның шарықтау шегі CDIO Asian Regional Meeting 2026 ұйымдастырушысының жариялануы болды. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы CDIO ARM хосты Bulacan State University (Филиппин), 2024 жылы — Hokkaido Information University (Жапония), ал 2025 жылы — Politeknik Negeri Batam (Индонезия) болды. CDIO дүниежүзілік бастамасын іске асырудағы университетіміздің жетістіктерін ескере отырып, CDIO Азия халықаралық комитетінің шешімімен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ (Қазақстан) CDIO Asian Regional Meeting 2026 хост-ұйымдастырушысы болып таңдалды. Бұл 2026 жылы университетіміз Азия университеттерінің өкілдерін инженерлік білім саласында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу үшін қабылдайды дегенді білдіреді. CDIO Asian Regional Meeting 2026-ның Өскеменде өтуі Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін нығайтудағы маңызды қадам болмақ және ШҚТУ-ға Азиядағы инженерлік білімнің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.