Лондонда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен әлемдегі жетекші университеттердің бірі, жаһандық рейтингтерде тұрақты түрде жоғары орын алатын және алдыңғы қатарлы пәнаралық зерттеулердің халықаралық деңгейде мойындалған орталығы болып саналатын University College London Археология институты арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. ШҚТУ атынан Меморандумға университет ректоры Сәуле Рахметуллина, ал британдық серіктес тарапынан UCL Археология институтының директоры Кевин Макдональд қол қойды.
Қол қойылған келісім археометаллургия және Еуразияның қола дәуірін зерттеу саласындағы ұзақмерзімді ғылыми ынтымақтастықтың институционалдық негізін қалайды. Серіктестік екі ірі ғылыми бастама аясында жүзеге асырылады: European Research Council қолдау көрсеткен, UCL базасында Милляна Радивоевичтің жетекшілігімен іске асырылып жатқан DREAM халықаралық жобасы және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен ШҚТУ-де Евгений Водясовтың жетекшілігімен орындалып жатқан «Шығыс Қазақстанның қалайы кен орындары көне еуразиялық металлургия жүйесінде» атты қазақстандық жоба.
Аталған жобалардың екеуі де Еуразия даласының қола дәуіріндегі металлургиялық технологиялардың қалыптасуындағы, трансөңірлік сауда желілерінің дамуындағы және технологиялық инновациялардың таралуындағы рөлін кешенді түрде зерттеуге бағытталған. Заманауи аналитикалық әдістерді, далалық зерттеулерді және UCL-дің зертханалық базасын Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық материалдарымен ұштастыру алынған нәтижелердің жоғары ғылыми дәлелділігін және халықаралық маңыздылығын қамтамасыз етеді.
Меморандум бірлескен экспедициялар мен зертханалық зерттеулер жүргізуді, жоғары рейтингі бар халықаралық ғылыми басылымдарда жарияланымдар дайындауды, академиялық алмасуды және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Археометаллургияны қазіргі әлемдік археологиядағы ең серпінді дамып келе жатқан бағыттардың бірі ретінде дамытуға ерекше назар аударылады.
UCL сынды жетекші университетпен ынтымақтастық ШҚТУ жүргізіп отырған зерттеулердің жоғары халықаралық деңгейін және оның жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялануын айқын дәлелдейді. Бұл серіктестік қазақстандық ғылымның позициясын нығайтудағы және оның халықаралық зерттеу консорциумдарына қатысу аясын кеңейтудегі маңызды қадам ретінде қарастырылады.