Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне ресми сапармен Индонезия Республикасының Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Жоғары мәртебелі мырза Мохамад Фаджрул Рахман келді.

Делегация құрамына елшілік өкілдерімен қатар Индонезияның жетекші жоғары оқу орындарының студенттері кірді: Президент университеті (Бекаси), Гонтор университеті (Шығыс Ява), Эйрлангга университеті (Сурабая), Чипутра университеті (Джакарта). Олардың қатысуы академиялық ұтқырлық пен мәдени алмасудың маңызды нышанына айналып, жастардың елдер арасындағы диалогтың негізгі дәнекері ретіндегі рөлін айқындай түсті.

Сапар бағдарламасына университет басшылығымен кездесу, «Индонезияның дипломатиясы» тақырыбында ашық дәріс оқу, сондай-ақ мәдени шаралар – қазақтың ұлттық биі мен индонезиялық дәстүрлі Tari Ondel-Ondel Betawi және Tari Tor Tor Hota Sapusik билері енгізілді. Бұл шара дипломатиялық қана емес, мәдени оқиға ретінде де танылып, Қазақстан мен Индонезия арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға үлес қосты.

Келіссөздер барысында ШҚТУ мен Индонезия университеттері арасындағы серіктестікті орнату мүмкіндіктері талқыланды. Негізгі бағыттар ретінде келесілер айқындалды:бірлескен білім беру бағдарламалары студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуы,– ғылыми және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, жастар бастамаларын дамыту.

Индонезиялық делегацияның бұл сапары ШҚТУ үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудегі маңызды қадам болды. Екі елдің студенттері үшін бұл – жаһандық білім беру кеңістігінде оқуға, зерттеулер жүргізуге және дамуға ашылған жаңа мүмкіндіктер.

Бұл оқиға Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім және ғылым саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа парағын ашып, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық байланыстарды нығайту және адами капиталды дамыту жөніндегі бағытына толықтай сай келеді.