Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Allur компаниялар тобы инженерлік кадрларды даярлау, дуальды білім беруді дамыту және ғылымды нақты өндіріспен ұштастыру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Серіктестіктің маңызды қадамы – ШҚТУ базасында Allur Іскер экожүйесінің өндірістік кафедрасын құру бастамасы.

ШҚТУ-да университет пен Allur компаниялар тобы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Тараптар автомобиль өнеркәсібіне қажетті мамандарды даярлау, өндірістік міндеттерді бірлесіп шешу, отандық құрамды арттыру және ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асырудың нақты тетіктерін талқылады. Кездесуге Корея Республикасының Kyungsung University өкілі Suresh Alapaty де қатысты.

Бүгінде өнеркәсіптің технологиялық дамуы мен өндірісті жергіліктендіру білікті инженерлерге ғана емес, білім, ғылым және бизнестің тұрақты байланысына да тікелей тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, техникалық университет пен ірі өндірістік компанияның серіктестігі кадр даярлаудан бастап жаңа инженерлік шешімдерді әзірлеуге дейінгі тұтас жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар ШҚТУ базасында Allur Іскер экожүйесінің өндірістік кафедрасын құру бастамасын қолдады. Жаңа кафедра университет пен кәсіпорын арасындағы байланысты күшейтіп, білім беру бағдарламаларын өндірістің нақты сұраныстарына барынша жақындатуға бағытталады.

Серіктестіктің маңызды бағытының бірі – дуальды және тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту. Студенттер оқу барысында нақты өндірістік кейстермен жұмыс істеп, кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге, заманауи автомобиль өндірісінің технологиялық үдерістерімен тікелей танысуға мүмкіндік алады. Ал өндіріс мамандары болашақ инженерлерді даярлауға қатысып, салаға қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға атсалысады.

Allur өкілдері сапар барысында ШҚТУ-дың Smart Engineering құзыреттер орталығы, «Қорғаныш және функционалдық жабындар» (Profcoat) ғылыми орталығы және Luban Workshop мүмкіндіктерімен танысты. Университеттің зертханалық және ғылыми әлеуетін кәсіпорынның нақты технологиялық міндеттерін шешуге пайдалану мәселелері қарастырылды.

Тараптар бөлшектер мен компоненттер өндірісін жергіліктендіру, өндірістік кооперацияны дамыту, лазерлік және нүктелік дәнекерлеу, механикалық өңдеу мен бояу технологиялары бойынша бірлескен жұмыстарды перспективалы бағыттар ретінде белгіледі. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу және оларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты: автомобиль саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу. ШҚТУ көлік жүйелері мен автомобиль конструкцияларында жасанды интеллектіні әзірлеу және қолдануға бағытталған бейіндік магистратура жобасын таныстырды. Сондай-ақ жүргізуші мен автомобильдің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға арналған «Ақылды руль» интеллектуалды жүйесі ұсынылды.

Алдағы уақытта Allur компаниялар тобының өзекті ғылыми-техникалық және өндірістік міндеттерінің арнайы банкін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттерін нақты өндірістік мәселелерді шешуге тартып, зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізуге жол ашады.

Келесі кезеңде ШҚТУ делегациясының Саран және Қостанай қалаларындағы Allur өндірістік алаңдарына сапары жоспарланған. Университет мамандары өндірістік үдерістермен тікелей танысып, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер және инженерлік әзірлемелер бойынша нақты бірлескен жобаларды айқындайды.

Allur Іскер өндірістік кафедрасын құру - ШҚТУ мен кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін қадам. Бұл – студент үшін өндіріспен ұштасқан сапалы инженерлік білім, кәсіпорын үшін қажетті мамандар мен ғылыми әлеуетке қол жеткізу, ал университет үшін білім мен ғылымды нақты экономиканың сұраныстарымен одан әрі ықпалдастыру мүмкіндігі.