18 маусым күні халықаралық Quacquarelli Symonds (QS) талдау агенттігі әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындары рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings 2027 нәтижелерін жариялады.
Биылғы жылы бағалауға әлемнің 106 елінен 8467 университет қатысты, олардың ішінен үздік 1501 жоғары оқу орны қорытынды рейтингке енді. Университеттер ғылыми зерттеулер, білім беру сапасы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысқа ие болуы, интернационалдандыру деңгейі және тұрақты дамуға қосқан үлесі сияқты негізгі қызмет бағыттары бойынша бағаланды.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарынан тағы да көрініп, QS World University Rankings 2027 рейтингінде 1036-орынға ие болды және #1001–1200 аралығындағы университеттер тобына енді.
Халықаралық бәсекелестіктің күшеюіне қарамастан, ШҚТУ үшінші жыл қатарынан жаһандық рейтингтегі жоғары позицияларын сақтап келеді және Қазақстан университеттері арасында 9-орынды иеленіп отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда шетелдік оқытушылар үлесі (+83%), түлектердің жетістіктері (+75%), шетелдік студенттер үлесі (+55%), жұмыс берушілер арасындағы беделі (+25%) және тұрақты даму көрсеткіші (+21%) бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткізілді.
Көрсеткіштердің өсуі университеттің халықаралық ынтымақтастықты дамыту, мамандар даярлау сапасын арттыру және ШҚТУ-дың әлемдік білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
QS рейтингіндегі жоғары нәтижелер университеттің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін растайды, оның академиялық беделін нығайтуға, серіктестік байланыстарын кеңейтуге және студенттер, оқытушылар мен жұмыс берушілер үшін тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Университет ұжымын, білім алушыларды, түлектер мен серіктестерді кезекті маңызды жетістікпен құттықтаймыз! ШҚТУ-дың дамуына және оның халықаралық беделін нығайтуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз!