Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде халықаралық Elsevier компаниясының Түркия және Орталық Азия бойынша ғылыми шешімдер жөніндегі өңірлік менеджері Айхан Сараоғлу (Ayhan Saracoglu) және Informascope компаниясының Орталық Азия бойынша консультанты Рабиға Хожамқұлдың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу университеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Іс-шара барысында ғылыми зерттеулерді қолдаудың заманауи құралдары, ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін арттыру және әлемдік ғылыми ақпараттық ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Elsevier ғылыми журналдарын пайдалану статистикасы, ШҚТУ ғалымдарының жарияланымдық белсенділігі, ғылыми жарияланымдардың құрылымы және ScienceDirect аналитикалық платформасының мүмкіндіктері қарастырылды.

Компания өкілдері жасанды интеллект технологияларына негізделген Leadspace платформасының жаңа мүмкіндіктерін таныстырып, Scopus және ScienceDirect халықаралық деректер базаларымен жұмыс істеуде жасанды интеллект құралдарын қолданудың тиімді жолдарын көрсетті. Бұл құралдар ғылыми ақпаратты іздеу, жарияланымдарды талдау және ғылыми зерттеулерді дайындау үдерісін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.Кездесу соңында «сұрақ – жауап» сессиясы ұйымдастырылып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен зерттеушілері ғылыми қызметте Elsevier цифрлық сервистерін пайдалану бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу ашық әрі мазмұнды пікір алмасу форматында өтті.

Кездесу барысында алынған білім университет ғалымдарына ғылыми жарияланымдарды әзірлеуде, зерттеулер жүргізуде және халықаралық жарияланымдық белсенділікті арттыруда заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ШҚТУ-дың ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуға, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне озық технологияларды енгізуге бағытталған өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.