Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі талантты жастарды қолдау және жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында республикалық кәсіптік бағдар беру науқанын бастады. 29 қаңтар - 12 ақпан аралығында ел аумағындағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсу мүмкіндіктері туралы мектеп оқушылары мен талапкерлер толық ақпарат ала алады.
Осы бастама аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «Study in Kazakhstan» көрмесінде Лу Бань шеберханасын таныстырды. Бұл - Қытай Халық Республикасының Тяньцзинь қаласының әкімдігімен бірлесіп ашылған бірегей білім беру жобасы. Астана қаласының 10-сынып оқушылары мен 11-сынып түлектері жоғары білікті техникалық мамандарды даярлауға бағытталған инновациялық алаңмен танысуға мүмкіндік алды.
ШҚТУ өкілдері мектеп оқушыларына оқу бағдарламалары, жоғары білім алу мүмкіндіктері және оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу перспективалары туралы кеңінен айтып берді. Көрме жастардың қызығушылығын оятты, себебі Лу Бань шеберханасы озық білім беру технологияларын, заманауи зертханаларды және халықаралық инженерлік кадрларды даярлау тәжірибесін біріктіреді.
Айта кетейік, кәсіптік бағдар беру жұмыстары тек елордамен шектелмейді. Мұндай іс-шаралар болашақ талапкерлерге өз мамандығын саналы түрде таңдауға, ал жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын таныстырып, болашақ студенттерді тартуға мүмкіндік береді.