Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллинаның төрағалығымен Ғылыми кеңес отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе университеттің білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша 2026–2027 оқу жылына дайындығы болды.

Отырыс салтанатты рәсіммен басталды. Е. Бекішевке «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дипломы табысталды. Ғылыми кеңес мүшелері жас ғалымды құттықтап, кәсіби және ғылыми қызметіне табыс тіледі.

Академиялық бағыттың дайындығы туралы Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор А. Машекенова баяндады. Жаңа оқу жылында университетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 111 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Бағдарламалардың басым бөлігі заманауи кәсіби талаптар, өндірістің сұранысы және жаңа технологиялық бағыттар ескеріле отырып жаңартылды.

Академиялық күнтізбе мен оқу жоспарлары дайындалды. Қазіргі уақытта білім алушылардың жеке оқу траекторияларын қалыптастыру және оқу жүктемесін түпкілікті бөлу жұмыстары жалғасуда. ШҚТУ кәсіпорын мамандары мен шетелдік оқытушыларды тарта отырып, тәжірибеге бағытталған оқыту тәсілдерін жүйелі түрде дамытып келеді. Жаппай ашық онлайн курстар қоры кеңейтіліп, цифрлық білім беру ресурстары жетілдірілуде. Студенттерге университеттің электрондық кітапханасы, Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерекқорлары мен басқа да ақпараттық платформалар қолжетімді.

Отырыста оқу және әлеуметтік инфрақұрылымның дайындығына да ерекше назар аударылды. Аудиториялық қордың жағдайы тексеріліп, жөндеу және ұйымдастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Жатақханаларды дайындау, студенттерді орналастыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және университеттік сервистердің қолжетімділігі мәселелері қаралды. Жауапты бөлімшелерге қалған жұмыстарды оқу үдерісіне кедергі келтірмей аяқтау тапсырылды.

Ғылыми бағыттағы басымдықтарды ғылыми-зерттеу жобаларын сүйемелдеу офисінің басшысы О. Денисова таныстырды. 2026 жылы ШҚТУ-да бағдарламалық-нысаналы, гранттық, жастарға арналған, коммерцияландыру және халықаралық бағыттардағы 45 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Олардың елеулі бөлігін жас зерттеушілердің, соның ішінде «Жас ғалым» бағдарламасы аясындағы жобалары құрайды.

Университеттің маңызды халықаралық ғылыми жетістіктерінің бірі: Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасына қатысуы. Жоба аса маңызды шикізатты тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруға және титан мен бериллийді өңдеудің экологиялық технологияларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар ШҚТУ Erasmus+ бағдарламасының екі жобасын жеңіп алып, халықаралық зерттеу байланыстарын кеңейтуді жалғастыруда.

Жаңа оқу жылындағы ғылыми міндеттердің қатарында жарияланымдардың сапасын арттыру, жас зерттеушілерді қолдау, университеттің ғылыми журналдарын ілгерілету, әзірлемелерді коммерцияландыру және докторантураның нәтижелілігін көтеру бар. Қыркүйек айында ШҚТУ білім, өндіріс және жасанды интеллект арасындағы жаңа ықпалдастық моделіне арналған CDIO Asian Regional Meeting 2026 халықаралық форумын қабылдайды.

Халықаралық бағыттың дайындығы туралы Басқарма мүшесі – халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор А. Сәрсембаева баяндады. Университет студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын, шетелдік тағылымдамаларды, шетел азаматтарын оқытуды, қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын одан әрі дамытады.

ШҚТУ ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының санын арттырып, шетелдік ғалымдар мен оқытушыларды тартуға және қызметкерлердің тілдік даярлығын жетілдіруге басымдық беріп отыр. Алдағы жоспарлардың қатарында Қытай, Германия және басқа елдердің университеттерімен жаңа бірлескен бағдарламалар ашу, халықаралық инженерлік және ғылыми жазғы мектептер өткізу бар.

Ғылыми кеңес отырысында профессор және қауымдастырылған профессор ғылыми атақтарына ұсынылған кандидаттар да қаралды. Сонымен бірге Ғылыми кеңестің 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, университеттің Академиялық саясатына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінің жұмыс оқу жоспарлары талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша білім беру материалдарын, сабақ кестесін, аудиториялар мен жатақханаларды дайындауды аяқтаудың нақты мерзімдері белгіленді. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына барлық қызметтің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, оқу үдерісін ұйымдасқан түрде бастау міндеті қойылды.

ШҚТУ жаңа оқу жылын жаңартылған білім беру бағдарламаларымен, ауқымды ғылыми жобалар қорымен және кеңейіп келе жатқан халықаралық ынтымақтастық жоспарларымен бастайды. Негізгі мақсат – студенттердің сапалы білім алуына, ғылыми зерттеулерге қатысуына және кәсіби құзыреттерін дамытуына мүмкіндік беретін заманауи университеттік орта қалыптастыру.