Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

1 қыркүйек – әрқайсымыз үшін ерекше күн. Біреулер мектеп табалдырығын алғаш аттаса, енді біреулер студенттік өмірге қадам басады. Ал ұстаздар мен оқытушылар үшін бұл – шәкірттерімен қайта қауышып, жаңа идеялар мен ізденістерге толы тағы бір оқу жылының бастауы.

Бүгін университетіміздің бірінші курс студенттерін ерекше ықыласпен қарсы алғым келеді! Биыл Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың үлкен отбасына 2,5 мыңнан астам жас қосылды. Олардың қатарында «Алтын белгі» иегері атанған 60-қа жуық түлек бар. Сіздер үшін өмірдің жаңа әрі қызықты кезеңі басталып отыр. Студенттік жылдар тек сапалы білім мен болашақ мамандықты ғана емес, жақсы достарды, жаңа мүмкіндіктерді, қызықты жобалар мен ұмытылмас сәттерді сыйласын!

Қымбатты студенттер мен оқушылар! Үнемі ізденісте болыңыздар, сұрақ қоюдан, жаңаны байқап көруден және биік мақсаттар қоюдан қорықпаңыздар. Білім алу – өзіңді танып, қабілетіңді ашып, болашаққа жол салатын ең маңызды кезеңдердің бірі.

Ұстаздар мен оқытушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің біліміңіз, еңбегіңіз бен шәкірттерге деген сенімдеріңіз – олардың әр жетістігінің негізі. Оқушыларыңыз бен студенттеріңіздің жеңістері сіздерге әрдайым қуаныш пен мақтаныш сыйласын!

Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың әр қадамын қолдап, олардың арманы мен таңдауына сенім білдіріп келесіздер. Жаңа оқу жылы әр отбасыға жақсы жаңалықтар, қуанышты сәттер мен балаларыңыздың жетістіктеріне мақтанатын көптеген себеп сыйласын!

Баршаңызға жарқын жаңалықтарға, жаңа таныстықтарға, қызықты ізденістер мен үлкен жетістіктерге толы оқу жылын тілеймін. Білім жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, армандар мақсатқа, ал мақсаттар нақты жетістіктерге айналсын!

Білім күні құтты болсын! Жаңа оқу жылы сәтті болсын, достар!

Басқарма Төрағасы – Ректор С.Ж. Рахметуллина