Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ғылым, білім және инновациялар саласындағы бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойылды.
Сапардың Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшін маңызды нәтижелерінің бірі: ШҚТУ, Еуропаның жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып саналатын KU Leuven университеті, SIM² KU Leuven Тұрақты металдар мен минералдар институты және Astana Hub арасында ынтымақтастық туралы меморандумның жасалуы болды.
Аталған меморандум халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға және жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады. Келісім сыни маңызды шикізат материалдары, тұрақты металлургия, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы ғылыми әлеуетті біріктіруге бағытталған.
Ынтымақтастық аясында ғылыми зерттеулерде жасанды интеллект технологияларын қолдануға ерекше назар аударылады. Металлургиялық процестерді модельдеу, геологиялық деректерді талдау, жаңа материалдардың қасиеттерін болжау және шикізатты өңдеу технологияларын жетілдіру үшін заманауи AI құралдарын пайдалану жоспарлануда.
Құжат сондай-ақ студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық конференциялар, жазғы мектептер мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруға, сондай-ақ технологиялар трансфері бағытындағы халықаралық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Қол қойылған келісім Horizon Europe бағдарламасы аясындағы TiBrerium халықаралық жобасында басталған ынтымақтастықтың заңды жалғасы болып табылады. Бұл жоба Еуропа мен Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдарын сыни маңызды шикізат материалдары мен тұрақты технологиялар саласында біріктіреді.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ үшін бұл әріптестік университеттің халықаралық байланыстарын нығайтудағы және әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне ықпалдасу мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды қадам болып табылады. Бірлескен бастамаларды іске асыру университетке тау-кен металлургия саласының өзекті мәселелерін шешуге, халықаралық деңгейдегі зерттеулер жүргізуге және студенттер мен жас ғалымдар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашады.
Меморандумға қол қойылуы ШҚТУ-дың жоғары ғылыми әлеуетін және Қазақстан экономикасының негізгі салалары үшін инженерлік кадрлар даярлаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдейді.