Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да 2025 - 2026 оқу жылында Академиялық Кеңестің қорытынды отырысы өтті.
Отырыс шеңберінде ағымдағы көктемгі емтихан сессиясының қорытындыларына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Студенттердің үлгерімінің қорытындысы шығарылды, оқу процесінің күшті және әлсіз жақтары анықталды, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін стратегиялық бағыттар белгіленді. Бакалаврлар мен магистранттар үшін курстан курсқа аударылатын кредиттердің санын келісу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібінің негізгі тармақтарының бірі білім беру бағдарламаларының бейіндік бағытын және талапкерлердің дайындық деңгейін ескере отырып, білім алушылардың контингентін қалыптастыру жай-күйін талқылау болды.
Академиялық Кеңес 2025-2026 оқу жылындағы білім алушылар мен ОПҚ-ның ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру нәтижелерін тыңдап, сондай-ақ халықаралық Coursera платформасында ЖАОК-тарды орналастыру мәселелерін қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша университеттің академиялық саясатын одан әрі жетілдіруге, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға және оқытудың цифрлық форматтарын дамытуға бағытталған шешімдер қабылданды.