Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «SMART Driving Technology» Инжиниринг орталығының ашылуы өтті. Бұл — Қазақстан мен Қытай арасындағы инженерлік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі жобасы болып саналатын Лу Бань шеберханасының дамуының жаңа кезеңі.
Лу Бань шеберханасы құрылған сәттен бастап тек оқу алаңы ғана емес, болашақтың автомобиль саласына мамандар даярлауға бағытталған заманауи білім беру және инновациялық орталыққа айналды. Бүгінде мұнда Қазақстаннан және шетелден келген студенттер электромобильдер технологиясын, гибридті күш қондырғыларын, интеллектуалды көлік жүйелерін, жасанды интеллектті және автономды жүргізу технологияларын меңгереді. «SMART Driving Technology» орталығының ашылуы бұл технологиялық экожүйені одан әрі нығайтып, жаңа буын гибридті және электрлі автомобильдерге, автопилот платформаларына, AR/VR симуляциялық кешендеріне және цифрлық егіздерге қолжетімділікті кеңейтті.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Кобенова Гүлнар Ізбасарқызы жаңа орталықтың ел басшылығы қойған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті:
«Президенттің “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан” Жолдауында пилотсыз және смарт-көлік технологияларын жедел дамыту қажеттілігі ерекше айтылған. Орталықтың ашылуы – ұлттық технологиялық құзыреттер желісін қалыптастырудағы маңызды қадам. Шығыс Қазақстан мықты инженерлік мектепке ие, ал ШҚТУ білім, ғылым және инновацияны табысты ұштастырып келеді. Бұл орталық болашаққа қажетті құзыреттерді дамытып, елімізге және шетелге қажет жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді».
Қазақстандағы ҚХР Елшілігі ресми құттықтау жолдады. Онда Қытайдың Қазақстандағы Елшісі атап өтті:
«Лу Бань шеберханасы кәсіби білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі болып табылады. Қазақстан – әлемде Лу Бань шеберханалары ең көп құрылған ел. ШҚТУ базасында инженерлік орталықтың құрылуы екі ел арасындағы серіктестіктің тереңдеуін көрсетеді. Біз шеберхана озық қытайлық білім беру стандарттарын енгізіп, уақыт талабына сай жас мамандарды даярлап, “Бір белдеу — бір жол” бастамасы аясындағы технологиялық алмасуға үлес қосады деп сенеміз. Шеберханаға өркендеу, жаңа жетістіктер және Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ достық тілейміз».
«SMART Driving Technology» орталығының құрылуы Лу Бань шеберханасының дамуын жаңа деңгейге көтереді. Орталық оқыту мен зерттеулер жүргізетін орын ғана емес, Қазақстандағы алғашқы автомобиль саласы мамандарына арналған сертификаттау орталығын қалыптастырудың негізіне айналады. Бұл елдің кадрлық әлеуетін күшейтіп, көлік инфрақұрылымына озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Орталықтың ашылуы — ШҚТУ, халықаралық серіктестер, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және индустрия өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл орталық инженерлік білім беруді нығайтып, интеллектуалды көлік саласының дамуына серпін береді. Сондай-ақ Қазақстанның технологиялық трансформациясына үлес қосатын жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашады.